Бақытжан Базарбекке қатысты жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды
Бұқаралық ақпарат құралдары Жамбыл облысында бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғанын жарыса жазып жатыр. Tizgin.kz Жамбыл облысы полиция департаментіне хабарласып, істің мән-жайын білді.
БАҚ-тар мәліметінше, жол апаты Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының маңында болған. Бұған дейін осы жол учаскесінде көлік малды қағып, жануардың өлексесі жол үстінде қалып қойған. Бір ер адам оны жолдан алып тастау үшін көліктен түскен. Сол сәтте оны Бақытжан Базарбек басқарған Toyota көлігі қағып кеткені айтылады.
Полиция қылмыстық іс қозғады
Жамбыл облысының полиция департаменті жол апаты болғанын растады. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Алайда экс-депутаттың есімін нақты атаған жоқ.
«Тұрар Рысқұлов ауданында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, Toyota автокөлігінің жүргізушісі Б. есімді азамат жолдың жүру бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Жол апаты салдарынан зардап шегуші орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр. Оқиғаға қатысты түпкілікті құқықтық баға тергеу қорытындысы бойынша беріледі.