TOP-1Жаңалықтар

Қазақстанда екі жаңа мемлекеттік марапат пайда болады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын мемлекеттік марапаттар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Ұлттық мәдениетті қолдау мемлекеттік қағидатқа айналды

Айбек Смадияров мәдениет пен өнерді ұлттық бірегейліктің мызғымас тірегі деп атады. Оның сөзінше, Жаңа Конституцияда ұлттық мәдениетті жан-жақты қолдау мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде жоғары құқықтық деңгейде бекітілген.

Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік марапаттар қатарына «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын қосу туралы шешім қабылдаған.

Жаңа марапаттар ұлттық мәдениетті дамытуға, соның ішінде музыка және бейнелеу өнері саласына елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі.

Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл толды

Жаңа медальға қазақ музыкасының көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілмек. 15 тамызда әйгілі композитордың туғанына 96 жыл толды. Ол 1930 жылы дүниеге келіп, 1992 жылы өмірден өткен.

Бұған дейін Президент бірқатар қоғам және мәдениет қайраткеріне мемлекеттік марапат тапсырған еді. Белгілі суретші Батима Зәурбекова «Отан» орденімен, әдебиеттанушы Тұрсын Жұртбай I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі «Барыс» ордені берілді.

Сонымен қатар актер әрі театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі», ал аграрлық саланың ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы табысталды.

Back to top button