Жаңалықтар

Каспийде жоғалған Жаңаөзеннің үш азаматы құтқарылды

Каспий теңізіне үрлемелі қайықпен шығып, жоғалып кеткен Жаңаөзен қаласының үш тұрғыны құтқарылды, деп хабарлайды Tizgin.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйеніп.

Теңізге үрлемелі қайықпен шыққан

Оқиға Кендірлі демалыс базасының маңында болған. Кеше кешке «112» пультіне Жаңаөзен қаласының үш тұрғынының жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.

Белгілі болғандай, ер адамдар шамамен екі сағат бұрын үрлемелі қайықпен Каспий теңізіне шығып, содан кейін олармен байланыс үзілген.

Құтқару операциясына ТЖМ мен Шекара қызметі жұмылдырылды

Хабарлама түскен бойда іздестіру-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінің күштері мен құралдары жедел жіберілген.

Іздеу барысында құтқарушылар ер адамдардың бірін жағалауға қарай өздігінен жүзіп келе жатқан жерінен байқаған. Оны құтқару бортына көтеріп, қауіпсіз жерге жеткізді.

ТЖМ мәліметінше, теңізде жоғалған үш азамат та құтқарылған. Олардың денсаулық жағдайы туралы қосымша ақпарат берілген жоқ.

Back to top button