Жаңалықтар

«Каньеға жол ашық, ал бізге неге болмайды»: Алагөзова концерттегі теңсіздікке ренішін білдірді

Продюсер Баян Алагөзова Канье Уэстің Алматыдағы концертінен кейін отандық және шетелдік әртістерге қойылатын талаптың бірдей еместігін айтып, ренішін білдірді. Оның сөзінше, KeshYOU тобының стадиондағы шоуына отшашу қолдануға рұқсат берілмеген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Заң алдында кейбіреулер теңірек пе?»

Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі жазбасында KeshYOU тобының Алматыдағы Орталық стадионда өткен мерейтойлық концертін еске алды. Продюсердің айтуынша, сол кезде ұйымдастырушылар отшашу қолдануға бірнеше рет рұқсат сұрағанымен, өтініштері үзілді-кесілді қабылданбаған.

«KeshYOU-дың стадиондағы концерті есімде. Біз отшашуға рұқсат сұрадық, қайта-қайта өтіндік. Бірақ бізге үзілді-кесілді рұқсат бермеді. Біртүрлі әрі көңілге тиеді: өзіміздің әртістерге әлі күнге дейін “Кешіріңдер, сендер – өзімізсіңдер, сендерге болмайды” деген көзқарас бар. Ал Канье үшін болады екен. Сонда заң алдында бәрі тең болғанымен, кейбіреулер теңірек пе? Оның үстіне біз шынымен әлемдік деңгейдегі шоу жасадық. Ал Канье сфера тәрізді декорацияның маңында жүріп қана қойды, аса күш салған жоқ», – деп жазды Баян Алагөзова.

Осылайша продюсер мәселе бір ғана отшашуда емес, отандық және шетелдік өнерпаздарға қойылатын талаптың әркелкілігінде екенін аңғартты. Алайда ол KeshYOU концертіне отшашу қолдануға нақты қай мекеме тыйым салғанын жазбаған.

Канье Уэстің Алматыдағы концерті

Канье Уэстің концерті бастапқыда 14 тамызда өтуге тиіс болған. Алайда қолайсыз ауа райы мен қауіпсіздік мәселесіне байланысты шоу келесі күнге ауыстырылып, 15 тамызда Алматының Орталық стадионында өтті. Концерт рэпердің 2026 жылғы әлемдік туры аясында ұйымдастырылды. Шоу ауқымды жарық қондырғыларымен және пиротехникалық әсерлермен сүйемелденді.

Ал KeshYOU тобының 20 жылдығына арналған мерейтойлық концерті 29 мамырда дәл осы Орталық стадионда өткен. Оған топтың әр жылдардағы әншілері қатысып, 520 сахналық костюм мен 48 биші жұмылдырылған. Концертті ұйымдастыруға қазақстандық және шетелдік мамандар қатысып, арнайы сахна, жарық және визуалды бағдарлама әзірленген еді.

Back to top button