Канье Уэсттің Алматыдағы концерті: Ұйымдастырушылар кешірім сұрады
Ұйымдастырушылар концерт өтетін алаң мен барлық қажетті қызметтердің іс-шараны өткізуге толық дайын екенін мәлімдеді, сондай-ақ концерттің кейінге шегерілгенін қазақ тілінде хабарламағаны үшін кешірім сұрады деп хабарлайды Tizgin.kz.
Еске салсақ, Канье Уэсттің кеше өтпей қалған концертінде қазақ тілінде хабар бермеген ұйымдастырушылар сынның астында қалды. Америкалық рэпердің концерті өтпейтіні белгілі болған соң ұйымдастырушылар келген жұртшылыққа стадионды босатуды өтініп, үлкен экран арқылы хабарлама жазған. Ол жерде ағылшын, түрік және орыс тілінде жазылып, қазақ тілінде хабар берілмеген.
Ұйымдастырушылар мәлімдеме жасады.
«Құрметті қазақстандықтар! Кешегі жағдай бойынша бір-екі сөз айтқым келеді. Әртістің командасы концерттің кейін өтетіні белгілі болған кезде экранға басқа шоудың заставкасын шығарды. Біз өз елімізді, өз тілімізді сыйлаймыз және құрметтейміз. Негізі біз барлық ақпаратты қазақ тілінде дайындадық, ол туралы инстаграмдағы парақшадан көре аласыздар. Осы жағдай біздің де көңілімізге тиді, соны уақытылы бақылай алмағанымыз үшін кешірім сұраймыз», – деді ұйымдастырушылар өкілі.
Концерт қашан өтеді?
Кеше ауа райына байланысты кейінге шегерілген америкалық рэпер Канье Уэсттің концерті 15 тамыз күні сағат 21:00-де Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.
Көрермендерді стадионға сағат 16:00-ден бастап кіргізе бастайды. Бұл – бастапқыда 14 тамыздағы концертке жоспарланған уақытпен бірдей.
Кешегі билеттер мен білезіктер жарамды ма?
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 14 тамызға сатып алынған барлық билеттер 15 тамызда да жарамды.
Кіру билетті сканерлеу арқылы жүзеге асырылады. Тексеруден өткеннен кейін бұрын берілген білезіктер жаңартылып, концертке кіруге мүмкіндік береді.
Көрермендерге қандай кеңес берілді?
Ұйымдастырушылар тұрғындардан жол қозғалысындағы кептелістерді ескеріп, стадионға ертерек келуді сұрайды.
Кіру билеттерде көрсетілген секторларға сәйкес жүргізіледі. Сондықтан көрермендерге алдын ала кіру сызбасымен танысып, алаңдағы бағыттаушы белгілерді ұстану ұсынылады.
Өзекті ақпарат қайда жарияланады?
Концертке қатысты барлық жаңартылған ақпарат First Media Group пен Freedom Афиша арналарында жарияланып отырады.
Концерт неге кейінге шегерілді?
Еске салайық, 14 тамызға жоспарланған концерт Алматыда кешкі уақытта нөсер жаңбыр, қатты жел және найзағай басталғандықтан кейінге қалдырылды. Сол кезде көрермендердің басым бөлігі стадионға жиналып үлгерген болатын.
Билет бағасы қанша болды?
Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне билеттердің құны 120 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін болды.