Білім

Назарбаев Университетінде ұлттық кадрларға орын бар ма

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің мәжілісмендерге берген жауабына сенсек, Назарбаев Университетінде басшылықтың 80%-ын қазақстандық мамандар (90 лауазымның 72-сін) иеленген. Қалған 20%-да шетел кадрлар отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.

Бұған дейін Назарбаев Университетіндегі кадр саясатына назар аударған Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы Олжас Бектеновтен оқу орыны ұлттық кадрларға қаншалықты мән беріп, жұмысқа алып отырғанын сұраған. Жауап Парламент сайтында жарияланды.

Басшылыққа жету үшін әдемі тетіктер де бар: халықаралық стандартқа сай ашық байқаулар, кандидаттарды бағалаудың жетілдірілген жүйесі, үй беретін ынталандырулар, ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндігі. Құлаққа әдемі, көзге сызылған схема — мінсіз. Бірақ нағыз білім мен ғылымның жүрегі саналатын профессорлық құрамда жағдай басқаша: университет құрылғанда қазақстандықтар 10% болса, қазір 30%-ға жеткен. Яғни 15 жылда +20%. Осы қарқынмен Бектенов 2030 жылға дейін 40%-ға жетеміз дейді.

1198 қызметкердің ішінде «Болашақ» бағдарламасының түлектері 12% (143 адам). Әлемнің үздік оқу орындарын бітіріп келгендер өз елінде жұмыс істесе де, ғылым мен білімдегі үлесі әлі де шектеулі.

УНИВЕРСИТЕТ БАКАЛАВРИАТҚА ЕНДІ ДЕН ҚОЙҒАЛЫ ОТЫР

Депутаттардың тағы уәжі – педагогика бойынша бакалавриат бағдарламаларын ашу мәселесі еді. Бектенов бұл сұраққа “қазір ашу мәсеелсі қаралуда, педкадрларға сұранысқа ішкі бағалау жүргізілуде” деп жауап берген. Атап айтқанда, Назарбаев Университетінің барлық мектептерінің 3-4-ші курс студенттері үшін, ең алдымен білім беру саласындағы мансапқа қызығушылық танытқандар немесе магистратураға түсуді жоспарлайтындар үшін педагогика бойынша қосымша бакалавр (minor) бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бағдарлама студенттің негізгі мамандығын толықтыратын педагогика және практикалық тәжірибе саласында базалық білім беруге бағытталған.

“Мектеп директорлары, олардың орынбасарлары мен мамандары үшін МВА–ға ұқсас бағдарлама әзірлеуге қатысты Университеттің Жоғары білім беру мектебі білім беру көшбасшылығы бойынша 2 жылдық магистрлік бағдарламаны жүзеге асырып жатқанын хабарлаймыз. Бағдарлама мектептердің, жоғары оқу орындарының, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың мамандарына бағытталған әрі институционалдық және саяси деңгейде өзгерістер енгізуге қабілетті көшбасшыларды даярлайды. Қазір бағдарлама көшбасшылық, командалық жұмыс, персоналды басқару және қаржылық басқару негіздері бойынша практикалық компонентпен күшейтіліп, түлектердің кәсіптік қызметке әзірлігін арттырады. Сонымен қатар Университет жанында 2022 жылдан бері білім беру инновациялары мен трансформацияны зерттеудің Орталық Азия орталығы жұмыс істейді, оның мақсаты өңірдегі білім беру саясаты мен инновацияларды дамытуды қолдау болып табылады. Университет пен оның Мектебі білім беру саласындағы мемлекеттік бастамаларға аналитикалық, зерттеушілік және әдіснамалық қолдау көрсетуге дайын”, – делінген Бектеновтің жауабында.

Жоғары білім беру мектебіндегі жұмыс тобы білім берудегі көшбасшылар мен мемлекеттік қызметшілерді даярлауға бағытталған Doctor of Education (EdD) докторлық бағдарламасын іске қосу мүмкіндігін де қарастыруда.

Back to top button