TOP-2Жаңалықтар

Канье Уэсттің өтпей қалған концертінде қазақша хабар бермеген ұйымдастырушылар сынға қалды

Канье Уэсттің кеше өтпей қалған концертінде қазақ тілінде хабар бермеген ұйымдастырушылар сынның астында қалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Америкалық рэпердің концерті өтпейтіні белгілі болған соң ұйымдастырушылар келген жұртшылыққа стадионды босатуды өтініп, үлкен экран арқылы хабарлама жазған. Алайда ол жерде ағылшын, түрік және орыс тілінде жазылып, қазақ тілінде хабар берілмеген.

Оған қоса ұйымдастырушылар келген қонақтарға ағылшын және орыс тілінде концерттің өтпейтінін хабарлап, қазақ тілінде қызмет көрсетілмеген ол жағдайға да азаматтарға назар аударған.

“Қазақ тілі, қане Kanye?” деп жазды келген адамдар.

“Әдейі істелген сияқты. Қазақшаның орнына түрікше жазу – мемлекеттік тілді ашық түрде қорлап, мазақ қылу ғой. Сорақылық” дейді екіншісі.

Еске сала кетейік, көрермендер кеше концерт басталардан бірнеше сағат бұрын стадионға жинала бастаған. Дәл осы уақытта қалада электр қуаты біртіндеп қалпына келтіріліп жатқан еді. Әлеуметтік желілерде жұртшылық концерттің өту-өтпеуіне алаңдап, оның кейінге қалдырылмауын  сұрады. Ұйымдастырушылар көрермендерді сабырға шақырып, концерттің өтетінін және стадионда электр жарығы бар екенін мәлімдеді. Шамамен сағат 19:30-да қатты дауыл тұрып, найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жауды. Соған қарамастан стадионға ағылған көрермендер легі тоқтамады. Сахнаға орнатылған глобус жыртылып, «солып» қалды.

Концерт басталардан жарты сағат бұрын жаңбыр басылды.

Алайда сағат 21:00-ден кейін ұйымдастырушылар жиналған көрермендерге концерттің ертең дәл осы уақытта өтетінін хабарлады. Бұған дейін сатып алынған барлық билеттер өз күшінде қалады.

Back to top button