Жаңалықтар

Құрылтай сайлауы кезінде дипфейктер мен жалған құжаттар таратылғаны анықталды

Құрылтай сайлауы қарсаңында ақпараттық кеңістікте жалған мәліметтер, дипфейктер мен арандатушылық материалдардың таралуы күшейген. Сайлау науқаны кезінде 200-ден астам анонимді және деструктивті аккаунт арқылы таратылған шамамен 15 сериялы ақпараттық материал тіркелді, деп хабарлайды Tizgin.kz JAQ.OrtCom мәліметіне сілтеме жасап.

Фейктер қалай таратылады?

JAQ.OrtCom мәліметінше, жалған ақпарат тарату науқандары алдын ала әзірленген жүйе бойынша жүргізіледі. Алдымен арандатушылық сипаттағы тақырып қалыптастырылып, ақпарат анонимді алаңдарға жарияланады. Кейін оны өзара байланысты бот-аккаунттар бір мезетте жаппай таратады.

Бірдей тезистер мен ұқсас визуалдық безендірудің түрлі платформаларда қатар пайда болуы мұндай жұмыстардың орталықтандырылған әрі ұйымдасқан сипатын көрсетуі мүмкін. Негізгі тарату арналары ретінде анонимді Telegram-арналар, әлеуметтік желілердегі қауымдастықтар мен бот-желілер аталды. Ұйымның мәлімдеуінше, кейбір жағдайларда ақпараттық науқанның шетелден үйлестірілгенін аңғартатын белгілер де байқалған.

Манипуляциялық материалдардың басым бөлігі сайлау процесі, сыртқы саясат және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты болған. Олардың арасында жасанды интеллект көмегімен жасалған аудио, фото және бейнематериалдар, жалған құжаттар, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік танымал тұлғалар мен мемлекеттік орган басшыларының бейнесі қолданылған дипфейктер бар.

JAQ.OrtCom мұндай науқандардың мақсаты мемлекеттік институттар мен лауазымды тұлғалардың беделіне нұқсан келтіру, билікке деген сенімді әлсірету және қоғамда жасанды шиеленіс қалыптастыру екенін мәлімдеді.

Фейктерге қарсы 44 материал жарияланған

Ақпараттық шабуылдардың салдарын азайту мақсатында 44 түсіндіру материалы әзірленіп, жарияланған. Олардың қатарында бейнероликтер, нұсқаулықтар, ақпараттық-ағартушылық постерлер және сайлау науқанына қатысты кең тараған мифтерді жоққа шығаратын жарияланымдар бар.

JAQ.OrtCom азаматтарды эмоциялық және арандатушылық сипаттағы хабарламаларға, әсіресе анонимді дереккөздерден тараған мәліметтерге сын көзбен қарауға шақырды. Бір ақпараттың ондаған арна мен аккаунтта бір мезетте жариялануы оның шынайы екенін білдірмейді.

Ұйым кез келген мәліметтің бастапқы дереккөзін тексеріп, оны мемлекеттік органдардың ресми ақпаратымен және кәсіби бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарымен салыстыруды ұсынды. Шынайылығы расталмаған ақпаратты тарату бот-желілер мен жалған ақпарат науқандарын ұйымдастырушылардың мақсатына қызмет етуі мүмкін.

Back to top button