Канье Уэстің Алматыдағы концерті ертеңге шегерілді
Алматыда өтетін концерттің алдында жарық сөніп, найзағай ойнап, қатты жел соғып, жаңбыр жауды.

Америкалық рэпер Канье Уэстің Алматыдағы Орталық стадионда өтуі тиіс концерті ертеңге шегерілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Көрермендер концерт басталардан бірнеше сағат бұрын стадионға жинала бастады. Дәл осы уақытта қалада электр қуаты біртіндеп қалпына келтіріліп жатқан еді. Әлеуметтік желілерде жұртшылық концерттің өту-өтпеуіне алаңдап, оның кейінге қалдырылмауын сұрады. Ұйымдастырушылар көрермендерді сабырға шақырып, концерттің өтетінін және стадионда электр жарығы бар екенін мәлімдеді.
Шамамен сағат 19:30-да қатты дауыл тұрып, найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жауды. Соған қарамастан стадионға ағылған көрермендер легі тоқтамады. Сахнаға орнатылған глобус жыртылып, «солып» қалды.
Концерт басталардан жарты сағат бұрын жаңбыр басылды.
Алайда сағат 21:00-ден кейін ұйымдастырушылар жиналған көрермендерге концерттің ертең дәл осы уақытта өтетінін хабарлады. Бұған дейін сатып алынған барлық билеттер өз күшінде қалады.