Жаңалықтар

Прокурор Бажкенованы жазасын 2 жылға кейінге қалдыра отырып, 8 жылға соттауды сұрады

Бүгін сот процесі барысында прокурор Orda.kz-тің бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенованың бірден үш эпизод бойынша кінәсі толық дәлелденді деп мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Прокурор не дейді

Айта кетейік, Гүлнар Бажкеноваға заңсыз кәсіпкерлік қызмет, сеніп тапсырылған ақшалай қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша айып тағылған. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сот процесі барысында қылмыстық іс бойынша келтірілген дәлелдемелер біртұтас әрі бір-біріне толық үйлесетін көрініс қалыптастырған. Оған жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, оларды растайтын банк және бухгалтерлік құжаттар, салық деректері, сондай-ақ мамандардың қорытындылары мен сот сараптамалары негіз болған. Прокурор қорғау тарапының бұл материалдарды жоққа шығара алатын объективті дәлелдер ұсынбағанын ерекше атап өтті.

Прокурордың сөзінше, Бажкенова кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелмегеніне қарамастан, пайда табу мақсатында Алматы қаласындағы пәтерлерді жүйелі түрде сатып алып, қайта сатқан. Бұл ретте төленбеген жеке табыс салығының сомасы 12,12 млн теңгені құрайды. Тағылған ең ауыр айып «Орда Медиа KZ» ЖШС қаражатын жымқыруға байланысты болған. Айыптаушы тараптың нұсқасына сәйкес, Бажкенова өзіне берілген басшылық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, компания ақшасын жеке кәсіпкердің шотына аударған. Тергеу барысында бұл жеке кәсіпкердің редакция қызметкері болып шыққаны анықталды. Мұндай операциялардың жалпы сомасы 84,2 млн теңгені құраған. Куәгер сотта бұл операциялардың сотталушының өтініші бойынша жүргізілгенін растады.

Бұған қатысты қорғау тарапы ақша қызметкерлерге жалақы төлеуге арналғанын және «қос бухгалтерияның» болғанын ғана айтты. Алайда прокурор атап өткендей, сотқа бұл нұсқаны растайтын төлем тізімдемелері де, кассалық ордерлер де, қызметкерлердің қолхаттары да, өзге құжаттар да ұсынылмаған. Айыптау тарапы компания шотынан Haileybury Almaty жекеменшік мектебіне тікелей аударылған 4,64 млн теңгеге де жеке тоқталды. Бұл сотталушының ұлы білім алған мектептің оқу ақысы болып шыққан. Бажкенованың өзі бұл фактіні жоққа шығармай, компаниядан ақшаны қарызға алғанын мәлімдеді. Алайда іс материалдарында заңды тұлғаның қаражатын жеке мақсатқа пайдалануға рұқсат беретін қарыз туралы шарт та, серіктестік қатысушыларының тиісті шешімі де жоқ, ал компанияның ақшасы қайтарылмаған.

Тағылған айыптың үшінші блогы Гүлнар Бажкенованың кәсіби қызметіне тікелей қатысты болды. Прокурор оған тиесілі Orda.kz интернет-ресурсы арқылы шындыққа сәйкес келмейтін және азаматтар мен ұйымдардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратылғанын мәлімдеді. Жәбірленушілердің барлығы редакция жарияланған мәліметтерді жоққа шығарды, ал қорғау тарапы жарияланған материалдардың шынайылығын растайтын объективті дәлелдер ұсынбаған. Сонымен қатар, сот тергеуі барысында редакцияның аталған материалдарды жариялағанға дейін жәбірленушілердің пікірін де, ақпаратты растауын да сұрап хабарласпағаны анықталды.

Жәбірленушінің қатарында болған Алматы қаласы прокурорының бұрынғы орынбасары Н. Ауғанбаевқа қатысты эпизод ең жарқын мысалдардың бірі. 2024 жылы Orda.kz оның ұсталғаны туралы ақпарат жариялаған. Бұл мәлімет Бас Прокуратура тарапынан теріске шығарылса да Г. Бажкенова материалды сайт пен әлеуметтік желідегі парақшаларында орналастырған. Айыптау тарапының бағалауынша, сотталушы кәсіби адалдығына қойылатын ең төменгі талаптарды да орындамаған. Ол мәліметтерді тексермеген, жалған айыптаулар тағылған тұлғалардың ұстанымын сұратпаған және жекелеген жағдайларда құзыретті мемлекеттік органдар растамаған ақпаратты жариялаған.

Прокурор соттан Гүлнар Бажкенованы тағылған барлық баптар бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ айыптауда көзделген журналистік, жария және басшылық қызмет түрлерімен айналысуға 5 жыл мерзімге тыйым салуды сұрады. Сонымен бірге прокурор бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуді 2 жылға кейінге қалдыруды да сұрады.

Бажкенова тағылған айыптармен келіспейді

Бұған дейін Гүлнар Бажкенова өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеген еді. Сот өкілдері кедергі келтірмегендіктен журналистерге пікір білдірген ол өз ісінде шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтердің көп болуы мүмкін екенін айтқан.

«Маған қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша тағылған сегіз эпизодтың бесеуі бойынша менің дұрыс екенімді дәлелдейтін бейнежазбалар бар. Тек үш эпизод бойынша ғана бейне жоқ. Пәтерлерге қатысты да сұрақтар бар. Олар 2018 жылдан бері сатып алынып, сатылған. Барлығы бес пәтер туралы сөз болып отыр. Екеуінде өзім тұрдым: бірінде бес жыл, екіншісінде 13 жыл өмір сүрдім. Қалғандары менің балансымда болды. Кейін оларды саттым. Барлық салықты толық төледім», – деді Гүлнар Бәженова.

Оның айтуынша, бөтеннің мүлкін ысырап етті деген айып та түсініксіз.

«Ысырап етуге қатысты айтсам, жарнамадан түскен қаражатты жақсы танысым арқылы қолма-қол ақшаға айналдырдым. Бірақ оны жеке қажетіме жұмсаған жоқпын. Журналистердің жалақысы мен қаламақысын төледім. Барлығы ресми түрде жүргізілді. Көп жағдайда өз ақшамды да қостым. Бірақ мені ешкім тыңдамайды», – деді ол.

Бажкенованың айтуынша, жеті айлық үйқамақ мерзімінде тергеушілер одан небәрі екі рет қана жауап алған. «Іс материалдарына қол жеткізе алмаймын. Өзіме қатысты барлық жаңалықты Сот комитетінен ақпарат алатын әпкем арқылы біліп отырмын. Оның үстіне менің қатысуымсыз қатарынан азаматтық істер де қаралып жатыр. Ол талап-арыздардың жалпы сомасы 100 миллион теңгені құрайды» дейді ол.

Back to top button