$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарТергеу

«Оқуға көмектесемін»: Өскеменде студентті 1,7 млн теңгеге алдаған күдікті ұсталды

Академиялық қарызын жапқысы келген өскемендік студент қыз ірі көлемде қаржылық шығынға ұшырады.

Оқуға көмектесудің орнына бойжеткеннің атына бөліп төлеу мен несие рәсімделген, ал мәселені шешуге уәде берген бейтаныс адам алдап кеткен, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Студент академиялық қарызын жаппақ болған

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Өскемен қаласы полиция басқармасына 22 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, бұрын бейтаныс ер адам академиялық қарызын жабуға және қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесуді ұсынған. Сенімге кірген ол әртүрлі сылтаулармен қызды бөліп төлеу жүйесі мен несиелер рәсімдеуге көндіріп, алынған ақшаны өзінің бақылауындағы шоттарға аударуды талап еткен.

«Алаяқтық әрекеттердің салдарынан жәбірленушіге 1,7 млн теңгеден астам залал келтірілген», – деп жазылған хабарлама.

Тергеу амалдары басталды

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Өскемен қалалық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес тобы «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы айналасында күдіктіні анықтады. Ол облыс орталығының 20 жастағы тұрғыны болып шықты.

Аталған факті бойынша алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button