Жаңалықтар

Orbis иелері құрған компанияның алғашқы табысы жарияланды

Сухраб және Фаррух Махмудовтардың Orbis Fortis аталатын жаңа қаржы компаниясы былтыр 13 қарашада тіркеліп, жыл соңына дейін 188 мың теңге таза табыс тапқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Компанияның кірісі мен шығыны

Компанияның есепті кезеңі тіркелген күннен өткен жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықты қамтиды. Осылайша, Orbis Fortis бір жарым айдан сәл астам уақытта қаржылық тұрғыда оң нәтиже көрсетті.

Есепті кезеңде компанияның әкімшілік шығындары 2,157 млн теңге, ал қаржылық кіріс көлемі 2,344 млн теңгеге жеткен.

Табыс қанша

Нәтижесінде Orbis Fortis салық салынғанша 188 мың теңге пайда тапты. Есепті кезеңдегі жиынтық кіріс те осы соманы құрады.

Компанияның негізгі жұмыс бағыты сол, бағалы қағаздар мен тауарлар нарығындағы брокерлік қызмет. Бұл жерде Orbis Fortis Ұлттық қор активтерін, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерін немесе зейнетақы активтерін басқарумен айналыспайтыны айта кеткен орынды.

Махмудовтардың дәулеті

Өткен жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Orbis Fortis компаниясының жалғыз акционері Orbis Finance болды. Ал компанияның түпкі бенефициарлық иелері ретінде Сухраб пен Фаррух Махмұдовтар көрсетілген. Меншік құрылымындағы әрқайсысының үлесі 49,99 пайызды құрайды.

Forbes журналының Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер рейтингінде Сухраб және Фаррух Махмұдовтар 37-орында тұр. Басылым әр бауырдың байлығын 310 млн долларға бағалайды.

Orbis тобы қандай салаларда жұмыс істейді

Махмұдовтар Orbis Kazakhstan көпсалалы тобына бірлесіп бақылау жасайды. Оның құрамында мұнай-газ саласына сервистік қызмет көрсететін Orbis Oilfield бар. Компания инженерлік-техникалық және көлік қызметтерін ұсынады.

Orbis Agro өсімдік шаруашылығымен, өз элеваторларында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаумен, трейдингпен және сүтті мал шаруашылығымен айналысады.

Back to top button