Ұлдана Мырзуан өлімі бойынша іс сотқа берілді
Астанада қасбеттің құлауынан фельдшер Ұлдана Мырзуанның көз жұмуына қатысты қылмыстық іс сотқа түсті, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ мәліметі
Ішкі істер министрлігінің Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында Астана Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтағанын хабарлады. Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы 1-бөлігі “Міндеттеріне адал қарамау” бойынша жүргізілген.
Қылмыстық іс материалдары 6-тамыз күні сотқа жолданған.
Елордалық соттың баспасөз қызметі іс материалдары түскенін, алайда алдын ала тыңдалым күні әлі белгіленбегенін айтты.
Ұлдана Мырзуан өлімі
Бұған дейін елордада тұрғын үй қаптамасы құлап, содан зардап шеккендерге көмектескенде өз басына кондиционер құлаған фельдшер Ұлдана Мырзуан қайтыс болғанын жазған едік. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова хабарлаған.
Әлия Рүстемованың айтуынша, фельдшер Ұлдана өз ісіне адал, батыл, жанашыр, нағыз кәсіби маман болған. Ол соңғы сәтіне дейін адамдарға көмек көрсетуін жалғастырған.
“Біз 18 қараша күні кәсіби міндетін атқару барысында ауыр жарақат алған әріптесіміз – фельдшердің қайтыс болғанын зор күйзеліспен хабарлаймыз. 8 қарашадан бастап дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп, жағдайын тұрақтандыру үшін барын салды. Алайда, өкінішке қарай, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады”, – деді Әлия Рүстемова.
Тақтатас орнатылды
Кейінірек оның құрметіне ауылдастары жергілікті амбулатория сыртына мемориалдық тақта орнатты.
Мұның алдында аталған ақпаратпен Түркістан облысы әкімдігінен хабарлады.
Игі шараны Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Үтіртөбе елдімекенінің тұрғындары қолға алды. Олар Ұлдана туып өскен, балалық шағы өткен жерде фельдшердің есімі қалуы керек деп шешті.
Сондай-ақ ауылдағы демалыс және спорт аймағына да Ұлдананың есімін берді.