Қазақстан Қытай тауарларын қайта жөнелту қаупі бар елдер тізіміне енді
Қазақстан АҚШ билігі Қытай тауарларын америкалық баж салығын айналып өту мақсатында қайта жөнелту үшін пайдаланылуы мүмкін деп бағалаған 40-тан астам елдің қатарына кірді, деп хабарлайды Tizgin.kz РИА Новостиге сілтеме жасап.
Баяндамадағы деректер
АҚШ-тың Сауда және өнеркәсіп саясаты басқармасы жариялаған баяндамада мемлекеттер сауда көлемі, Қытайдың өндірістік және логистикалық тізбектеріне интеграция деңгейі мен кедендік бақылау ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінген.
Онда 40-тан астам елдің тауарларды заңсыз қайта жөнелту қаупі жоғары мемлекеттер ретінде қарастырылғаны айтылған.
Бірінші топқа экономикасы дамыған әрі АҚШ-қа экспорт көлемі жоғары ірі сауда серіктестері енгізілген. Олардың қатарында Канада, Еуропалық одақ, Үндістан, Израиль, Жапония, Мексика, Оңтүстік Корея және Тайвань бар.
Екінші топта тауарларды қайта жөнелту көлемі едәуір және Қытайдың өндірістік әрі логистикалық тізбектерімен тығыз байланыстағы мемлекеттер бар. Бұл қатарда Бразилия, Индонезия, Малайзия, Таиланд, Түркия және Вьетнам аталған.
Ал үшінші топқа 24 шағын экономика енген. АҚШ билігі бұл елдерде Қытайдан шыққан тауарлардың америкалық нарыққа жөнелтілмес бұрын бағытын өзгертуге жағдай жасайтын факторлар барын жазыпты.
Үшінші топтағы елдер
Олардың қатарында арзан жұмыс күші, еркін экономикалық аймақтар, порт инфрақұрылымына қолжетімділік, АҚШ нарығына қолжетімділік және кедендік бақылаудың жеткілікті деңгейде қатаң болмауы секілді факторлар көрсетілген.
Бұған Швейцария, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Филиппин, Қазақстан, Грузия және Әзербайжан кірді.
Дегенмен елдің бұл тізімге енгізілуі АҚШ-тың Қазақстанды сауда заңнамасын бұзды деп айыптағанын білдірмейді. Құжатта тек мемлекеттердің тауарды қайта жөнелту қаупі сараланған.
АҚШ үшін негізгі мәселе сол, өнімнің шығу елін өзгерту арқылы импорттаушылардың америкалық тарифтерден жалтаруы немесе олардың әсерін азайтуы мүмкін екені.
Тізімге енудің кедергісі бар ма
Қазақстанның үшінші топқа енгізілуі де қазақстандық билікке немесе компанияларға қатысты нақты айыптауға емес, баяндамада аталған ықтимал тәуекел факторларына байланысты.
Аталған құжат АҚШ әкімшілігінің сауда шектеулерін айналып өтуге қарсы саясатын күшейтіп отырғанын көрсетеді. Вашингтон енді Қытай тауарлары АҚШ-қа жөнелтілмес бұрын басқа елдер арқылы өтетін жеткізу тізбектерімен де мұқият жұмыс істеуге ниетті.