
ЭКСПО ғимараттары – Астананың көрікті орындарының бірі. 2017 жылғы көрмеден қалған көп ғимаратта бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы, ІТ университет, Астана хаб пен коммерциялық павильондар орналасқан. Бүкіл нысандарға жауапты QazExpoCongress ұлттық компаниясы да осында.
Осынау зәулім ғимараттардың тұсынан өткен сайын «бұл нысандар қаншалықты өз-өзін ақтап жатыр?» деген сұрақ еріксіз ойыңа оралады. Себебі әлемдік көрмені өткізудің өзі көп сынға ұшырап, құрылысы барысында жемқорлыққа қатысты даулар болған. Ал көрме өткеннен кейін жылдар бойы алып ғимараттарды ұстап тұру үшін мемлекет бюджетінен ұлттық компания миллиардтап ақша алып келді. QazExpoCongress қазір бюджетке қол созуды қойды ма? Tizgin.kz порталы бұл мақалада ең бастысы, осы сұраққа жауап іздеп көрді.
СҰЛТАНОВТЫҢ УӘДЕСІ ҚАНДАЙ ЕДІ
Жалпы ЭКСПО ғимараттарын салып, әлемдік көрме өткізу үшін 500 млрд теңгеден артық ақша кеткенін Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары бұрын жарыса жазып қойған. Көрме өткенімен бірнеше жыл бойы алып ғимараттарды ұстап тұру үшін мемлекет бюджетінен ақша бөлуге тура келді. Қоғам мен депутаттар тарапынан «неге солай?» деген сұрақ жиіліген тұста бірнеше жыл бұрын Асқар Мамин бастаған кабмин мүшелері «2022 жылы ЭКСПО ғимараттары өзін-өзі ақтайтын дәрежеге жетеміз» дескен. Алайда 2021 жылы үкімет бұл мерзімді «2024 жылға дейін созуды» өтінді.
Бұл мәселеге осыдан төрт жыл бұрын мәжілісте депутат болған Сырым Ертаев назар аударған-тын. Депутат Парламенттегі бір отырыста 2020 жылы «QazExpoCongress» жалпы ауданы 361 мың шаршы метр болатын ЭКСПО-2017 ғимаратын ұстауға және пайдалануға 6,7 млрд теңге жұмсағанын атап өткен.
«Сауда және интеграция министрлігі ЭКСПО аумағында зәкірлік және жалға алушылар есебінен ел экономикасына 10 млрд доллар сомасында мультипликативті әсер береді деп көрсеткен. Павильондарды мемлекет қаражаты есебінен қанша уақытқа дейін ұстағалы отырсыздар?» – деп Сырым Ертаев сауда және интеграция министріне болған Бақыт Сұлтановқа шүйліккені бар еді.
Бақыт Сұлтанов сол тұста 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін толық бұл нысандар өзін-өзі өтейтінін мәлім еткен. «Былтыр 6,7 млрд теңге көзделген. Биыл 2 есе төмен. Одан кейінгі жылдарда қаржыландыруды тағы екі есе төмендетеміз. 2023 жылы 374 млн теңге ғана…» деді ол. Бірақ расында солай болды ма?
ШЫҒЫН ТҮСІМНЕН ЕКІ ЕСЕ КӨП
QazExpoCongress ұлттық компаниясының ресми сайтында жыл сайын тұрақты даму туралы есеп жарияланады Соңғы жылдық есепті ұлттық компания 2023 жылы қорытындылаған. «2024 жылғы есеп қайда?» деп Tizgin.kz атынан сауал жолдағанымызда директорлар кеңесінің шешімімен «ол есеп 2025 жылдың қыркүйегінде жарияланады» деген жауап алдық.
2023 жылғы есепте QazExpoCongress-тің «экономикалық нәтижелілігі» жарияланған. Сол тарауда ұлттық компания «бюджет дотациясының азайып, зәкірлі арендаторлар мен шағын бизнеске жеңілдетілген төлемді енгізілуі – 2021-2023 жылғы қаржылық нәтижеге кері әсер еткенін» жазады. Соның салдарынан түспеген пайданы 2021 жылы 6,2 млрд теңге, 2022 жылы 5,4 млрд теңге және 2023 жылы 5 млрд теңге деп атап көрсетеді.
QazExpoCongress ұлттық компаниясының 2023 жылғы тапқан табысы мен шыққан шығынының есебі мынадай:

2023 жылы ұлтттық компания негізгі қызметінен (нысандарды жалға беру) рекордтық 8,9 млрд теңге тапқан. Инвестициялық кірістен 2,4 млрд теңге түскен. Бұл есепте негізгі табыстың бір бөлігі (1,3 млрд теңге) Hilton қонақүйінен келген. 2023 жылы ұлттық компания ол қонақүйдің 76% акциясын сатып алған.
Ресми есептегі мына бір сандар назар аудартады:

Ұлттық компания «басқа да түсімдерді» 7,8 млрд теңге деп көрсетеді. Бұл түсім толық мемлекет бюджетінен бе, жоқ па – ол жағын айтпайды. Сонымен қатар, компанияның жылдық шығыны 16,8 млрд теңгеге жеткен. Демек, ұлттық компанияның таза табысынан шыққан шығыны екі есе көп болған.
КІМНІҢ ҚАЛТАСЫ ҚАЛЫҢ
QazExpoCongress ресми сайтында ғимараттардағы бизнес-орталықтар мен кабинеттерді қанша теңгеге алуға болатыны жазылып тұр. Мәселен, «Hilton Astana» қонақ үйі мен «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығы жақын жерде орналасқан Конгресс орталығындағы негізгі залды жалға алу құны тәулігіне 2,2 млн теңге тұрады.
Ал ондағы конференц-залды жалға алу құны тәулігіне 1 млн теңге. Конференц-залдың ½ бөлігін сәйкесінше 500 мың теңгеге, ¼ бөлігін 250 мың теңгеге жалдауға болады. Орталықтың вестибюлін 500 мың теңгеге жалдасаңыз, 250-400 мың теңгелік VIP-залдар да бар.
«EXPO» халықаралық көрме орталығының трансформацияланатын 11,7 мың шарты метр залдың әр шаршы метрі тәулігіне 1200 теңгеден беріледі.
Ал ондағы 4 залды жалдау құны 250-450 мың теңге аралығында. 100-180 мың теңгеге берілетін келіссөздер бөлмесі, баспасөз орталығы, холлдар да бар.
ЭКСПО ғимараттарының ішінде дәл осылай жалға берілетін бизнес-орталықтар да сайтта көрсетілген. Бірақ қай-қайсысы арзан емес. Кімнің қалтасы қалың – сол ала алады. Осы ірі ғимараттарды көбінесе мемлекеттік органдардың өзі жалға алатынын атап өтуге болады. Ірі көрмелер, экономикалық форумдар, түрлі кездесулерді ұйымдастырып, осы залдарда өткізетін де – министрліктер. Демек, мемлекет бюджетінің бір бөлігі бәрібір айналып келіп QazExpoCongress ұлттық компаниясының шотына аударылады.

«2023 ЖЫЛДАН БЕРІ ӨЗ-ӨЗІМІЗДІ ТОЛЫҚ ҚАМТУҒА КӨШТІК»
Tizgin.kz ақпарат порталы QazExpoCongress ұлттық компаниясына бірнеше ресми сауал жолдаған. Біз сауалымызда 2023 жылғы есепте «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының жалпы түсімі мен негізгі қызметінен түскен табыстың арасындағы 7,8 млрд теңге бюджет дотациясынан келген ақша ма деп нақты сұрағанбыз. Сонымен қатар, 2024 жылғы жалпы түсімдері қанша теңге болғанын, оның ішінде қаншасы бюджет дотациясы екенін, ұлттық компанияның негізгі қызметінен түскен табыс 2024 жылы қанша теңге болғанын білмек едік.
Алайда сауалымызға нақты сандарды көрсететін жауап келген жоқ. Ұлттық компания өз балансында жерасты тұрағы бар ғимараттар кешенін қамтитын 25 га аумақ барын, нысандардың жүктемесі 100% деп жазады. Сонымен қатар, акционерлік қоғам 2023 жылдан бастап «өзін-өзі толық қамтамасыз етуге көшкенін, республикалық бюджеттен қаржыландырылмайтынын» атап өтеді. Негізгі табыс көзін жеке мүлікті жалға беру деп көрсетеді.
«Ғимараттардың бір бөлігі зәкірлі жалға алушыларға жеңілдетілген шарттармен берілгеніне қарамастан, қоғам EXPO кешенінің бүкіл аумағын күтіп ұстауды, жөндеуді, абаттандыруды өз қаражаты есебінен жүзеге асырады», – делінген жауапта.
«2023 жылы өз-өзімізді қамтып отырмыз» деген Ұлттық компанияның жауабы 2024 жылдың маусымындағы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың «ЭКСПО ғимараттары өзін-өзі ақтап жатыр деп айта алмаймын» деген сөзімен үйлесе қоймайды.
Биыл шілдеден бастап «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының 100 пайыз мөлшеріндегі мемлекеттік акциялары сауда және интеграция министрлігінен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілген. Бір министрліктен екіншісіне берілген кезде ұлттық компания қаржылық нәтижесімен мақтана алар дәрежеге жете ме? Президент Тоқаевтың өзі сынағандай «өмірсіз орыннан қайнаған ортаға» айнала ала ма? Оны уақыт еншісіне қалдырайық.