Қамшыбекті президент қылып, өзім демалысқа кеткім келді – Жапаров
Жапаров 2027 жылы билікті Ташиевке тапсыруды жоспарлағанын айтты
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2027 жылы өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін қайта сайлауға түспей, мемлекет тізгінін Қамшыбек Тәшиевке тапсыруды жоспарлағанын айтты. Алайда кейін сөзінше, Тәшиевтің президент болуға дайын емес деген қорытындыға келген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Отбасымның қасында болғым келді»
Садыр Жапаров журналист Әли Тоқтақұновқа берген сұхбатында бұл жоспарын Тәшиевтің өзіне де алдын ала айтқанын жеткізді.
«Алты жылдық президенттік мерзімім 2027 жылы аяқталған соң, егер Қамшы дайын болса, қайта сайлауға түспеймін деп ойладым. Қамшы президент болып, мен демалысқа кетер едім. Осындай жоспарым болды. Мұны бір жыл бұрын өзіне де айтқанмын», – деді ол.
Жапаров саясаттан кетіп, отбасына көбірек уақыт бөлгісі келгенін де жасырмады.
«Төрт жыл шетелде тұрдым, төрт жыл түрмеде отырдым. Соңғы алты жылымды күзетпен жүргендей өткіздім. Шашым ағарды, немерелерім дүниеге келді. Отбасымның қасында болғым келді. Оған: “Дайын бол, айналаңды тазарт, адамдарыңды тәрбиеле”, – деп айттым», – деді Қырғызстан президенті.
«Оның дайын емес екенін көрдім»
Алайда кейін Жапаров Тәшиевтің президенттік қызметке дайын еместігін байқағанын айтады. Оның сөзінше, Ташиевтің айналасындағы адамдардың әрекеті мен ел ішінде жік тудыратын жағдайлар бұл шешімге әсер еткен.
«Кейін қарасам, ол дайын емес екен. Қызметкерлері өзін тиісінше ұстамайды, айналасындағы адамдардың төбесі көкке жеткендей болды. 75 ақсақалдың хаты пайда болып, парламентті генералдың жақтастары деп бөле бастағанда, оны шақырып алдым», – деді Жапаров.
Президент Тәшиевпен болған әңгімеде халықты жікке бөлуге жол бермейтінін ашық айтқан.
«Бұлай болмайды. Адамдарды бөлуге болмайды. Мен халықты солтүстік пен оңтүстікке бөлетіндерді қатаң жазалаймын. Өйткені ел енді ғана біріге бастады. Сондықтан ренжіме, сені қызметтен босатамын дедім. Егер сайлауға түссең, оған барлық жағдайды жасап беремін», – деді Садыр Жапаров.
Осылайша, Жапаров бастапқыда Тәшиевті өзінің ықтимал саяси мұрагері ретінде қарастырған. Алайда оның айналасындағы адамдардың әрекеті мен қоғамда бөліну белгілерінің байқалуы президенттің бұрынғы жоспарынан бас тартуына себеп болған.
Жапаров–Тәшиев тандемі қалай ыдырады
Садыр Жапаров пен Қамшыбек Тәшиев ұзақ жылдар бойы саяси серіктес болды. 2020 жылы билік ауысқаннан кейін Жапаров президент атанса, Тәшиев елдің ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетін басқарып, елдегі екінші ықпалды тұлғаға айналды. Алайда 2026 жылдың басында екеуінің арасы суыды. Бұған 75 саясаткер мен қоғам қайраткерінің президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы хаты түрткі болды. Жапаровтың айтуынша, осыдан кейін мемлекеттік қызметшілер мен депутаттарды «генералдың жағы» және «президенттің жағы» деп бөлу басталған.
10 ақпанда Жапаров Тәшиевті барлық қызметінен босатты. Онымен бірге ҰҚМК-дағы үш орынбасары да орнынан кетті. Кейін Тәшиевке жақын саналған бірқатар министр, депутат пен жергілікті билік өкілдері қызметтерін тапсырды. Осылайша, бір кездегі ықпалды саяси тандем толық ыдырады.
Көп ұзамай Тәшиев «75-тің хаты» ісі бойынша сотқа тартылды. 2 шілдеде сот оны және тағы жеті адамды билікті күшпен басып алуға дайындалды деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Алайда нақты жаза үш жылдық пробациялық бақылаумен алмастырылғандықтан, олар түрмеге қамалған жоқ. Тәшиев пен оның қорғаушылары үкіммен келіспей, толық ақтауды талап етті. Прокуратура, керісінше, жазаны қатаңдатуды сұрап отыр. Қазір іс апелляциялық сатыда қаралып жатыр.