Оқиға

Алматыда аулада ойнап жүрген баланы сарышаян шағып алды

Алматыда аулада ойнап жүрген жеті жасар баланы сарышаян шағып алған. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап, жансақтау бөліміне жатқызуды ұсынған. Алайда ата-анасы одан бас тартып, баласын үйіне алып кетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқиға жайлы

Оқиға туралы баланың анасы Threads әлеуметтік желісінде жазды. Оның айтуынша, сарышаян ұлының оң қолының бас бармағынан шаққан. Осыдан кейін бала жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Анасы медициналық мекемеде сарышаянның уына қарсы арнайы дәрі мен екпе жоғын айтқанын жеткізді. Дәрігерлер баланы жансақтау бөліміне жатқызып, жағдайын бақылауды ұсынған. Алайда ауруханада жалғыз қалудан қорыққандықтан, ата-анасы баласын әзірге үйде бақылауға шешім қабылдаған.

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдайды растады. Ведомствоның мәліметінше, жеті жасар бала ата-анасының бірге жүруімен Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының қабылдау бөліміне жеткізілген. Анасының сөзінше, сарышаян баланы ауруханаға келгенге дейін шамамен бір жарым сағат бұрын, аулада ойнап жүрген кезінде шаққан.

Қабылдау кезінде бала оң қолының бас бармағы ауыратынын айтқан. Саусағы қызарып, орташа деңгейде ісінген. Сондай-ақ жалпы әлсіздік пен енжарлық байқалып, дене қызуы 37,1 градусқа дейін көтерілген.

Баланы дәрігер-реаниматолог пен хирург тексерген. Мамандар сарышаян уының әсерін ескеріп, оны жансақтау және қарқынды емдеу бөліміне жатқызуды ұсынған. Дәрігерлер баланың жағдайын удың ағзаға әсеріне байланысты орташа ауыр деп бағалады. Оған «сарышаян уының уытты әсері» деген диагноз қойылған.

Алайда ата-анасы ұсынылған емдеуден бас тартып, тиісті қолхат жазғаннан кейін баласын үйіне алып кеткен. Оларға ауруханаға жатқызудан бас тартудың ықтимал салдары мен асқыну қаупі түсіндірілген. Баланың жағдайы нашарласа, дереу қайта медициналық көмекке жүгіну керектігі ескертілді.

Сарышаянның уына қарсы арнайы дәрі жоқ

Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының токсиколог дәрігері Құрметбек Тоқтардың айтуынша, сарышаян шаққан кезде қолданылатын арнайы у қайтарғы жоқ. Мұндай жағдайда науқасқа ағзаның улану белгілерін азайтуға, жағдайын жеңілдетуге және ықтимал асқынулардың алдын алуға бағытталған симптоматикалық ем жүргізіледі.

Емдеу тәсілін дәрігер науқастың жағдайы мен клиникалық белгілеріне қарай жеке анықтайды. Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл 2026 жылғы жаз басталғалы Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына сарышаян шағуына байланысты тіркелген алғашқы жағдай екенін мәлімдеді.

Back to top button