Алматыда метроның станциясы неге Канье Уэсттің концерті өтетін күннен бұрын жабылады – әкімдік жауабы
Көрермендерге көрші метро станцияларын немесе тегін шаттл автобустарын пайдалану ұсынылды.
Алматыда 14 тамыз күні «Байқоңыр» метро станциясы сағат 21:00-де жолаушылар үшін жабылады. Бұл шешім Канье Уэсттің концерті аяқталғаннан кейін адамдардың шамадан тыс шоғырлануын болдырмау мақсатында қабылданғанын Қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әдетте Алматы метросы түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Орталық стадионға ең жақын орналасқан станцияның ерте жабылуы тұрғындар арасында сұрақ туғызды.
Неліктен мұндай шешім қабылданды?
Threads әлеуметтік желісінде бір қолданушы шектеулерге наразылық білдіріп:
«Түсінемін, бірақ жұма күні кешке бәрін неге жауып тастайды? Қызық екен», – деп жазды.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, концерт аяқталғаннан кейін жолаушылар легі өте көп болады. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін уақытша шектеу енгізілген.
«Станцияны уақытша жабу кіреберісте, платформада және вестибюльде адамдардың шамадан тыс жиналуына жол бермей, жолаушылар ағынын қауіпсіз ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ведомство.
Жолаушыларға қандай балама ұсынылды?
Концертке келушілерге «Абай» және «Мұхтар Әуезов театры» метро станцияларын пайдалану ұсынылады. Сонымен қатар, метроның жұмысы кемінде сағат 01:00-ге дейін, ал қажет болған жағдайда 03:00-ге дейін ұзартылады.
Қандай көшелер жабылады?
14 тамыз күні 16:00-ден 00:00-ге дейін келесі жол учаскелерінде көлік қозғалысы шектеледі:
- Абай даңғылы – Әуезов театры мен Сейфуллин даңғылы аралығы;
- Байтұрсынов көшесі – Тимирязев көшесінен Шевченко көшесіне дейін;
- Сәтбаев көшесі – Байзақов көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін.
Осыған байланысты 32 автобус пен троллейбус маршрутының қозғалыс сызбасы өзгереді.
Концерттен кейін тегін шаттлдар жүреді
Концерт аяқталған соң көрермендерді алты бағыт бойынша қатынайтын 50 тегін шаттл автобус тасымалдайды. Қажет болған жағдайда қосымша 10 автобус желіге шығарылады.