TOP-2Эксклюзив

Азамат, Еламан, Мұхаммед, Хамза: Қазақстанда 30 жылда бала есімдері қалай құбылды

Қазақ балаларының тең жартысы арабша есіммен жүр

Қазақ қоғамында балаға қойылатын есімдердің құрылымы кейінгі отыз жылда айтарлықтай өзгерген. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, әсіресе ұлты қазақ ұл балалар арасында арабша есімдердің салмағы күрт артқан: 1996 жылы ТОП-100 есім иелерінің 10,3%-ы арабша есімдерді иеленсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 47%-ға жеткен. Қыздарда да үлес 9,16%-дан 30,02%-ға өскен. Тағы бір айта кетерлігі, ол кездегі арабша есімдердің өзі қазақы қолданысқа, үндестік заңына бейімделген есімдер болатын. Ал кейінгі 10 жылда қаптаған арабша есімдердің көбі қазақ тілінің үндестік заңына бағынбайтын, калька есімдер, деп хабарлайды Tizgin.kz.

1996 жылы ТОП-100-дегі арабша есімдерді шамамен 4,2 мың бала иеленсе, 2006 жылы олардың саны 13,2 мыңға, 2016 жылы 27,7 мыңға жетті. 2025 жылы арабша есім иелерінің саны 25,7 мың болған. Олардың ТОП-100-дегі үлесі 47%-ға дейін өсті. Арабша есімдердің саны ғана емес, ең танымал жүз есім ішіндегі салмағы да артқан. 1996 жылы арабша емес есімдер 89,7% болса, 2025 жылы олардың үлесі 53%-ға дейін түскен.

Бұл өзгеріс бірден болған жоқ. 2006 жылы арабша есімдердің үлесі 23,94%-ға, 2016 жылы 35,84%-ға жетті. Демек, 1996-2016 жылдардың өзінде олардың үлесі үш еседен астам өскен. Ал 2025 жылға қарай арабша және арабша емес есімдердің арақатынасы шамамен теңескен.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Қыз балаларда да серпіліс айқын. 1996 жылы ТОП-100-дегі арабша есімдерді 4,5 мың бала иеленсе, 2006 жылы 6,5 мың, 2016 жылы 22,9 мың болды. 2025 жылы арабша есім иелерінің саны 19,7 мыңға жетіп, олардың үлесі 30,02% болды. Әсіресе 2006-2016 жылдары өсім қарқынды болып арабша аттардың үлесі 10,13%-дан 24,78%-ға жетті.

Ұлдарда арабша есімдердің жаппай танымал болуы соңғы жылдарда қатты үдесе, қыздарда өзгеріс ертерек басталды. 2025 жылы арабша есімдер ұлдар арасында ТОП-100-дің 47%-ын, қыздар арасында 30,02%-ын алып тұрды

Әлиханның орнын Мұхаммед қалай басты

Есімдердің ең танымал ондығына қарасақ, арабша аттардың өзін дәстүрлі және діни тренд деп екіге бөлуге болады. 1996 жылы ұлдар арасындағы ТОП-10-да діни трендке жататын есім болған жоқ. Азамат деген жалғыз арабша атау мен Еламан, Бауыржан, Айбек, Нұрсұлтан, Жандос, Айдос сияқты қазақи есімдер басым еді. 2006 жылы ондыққа Рамазан есімі қосылды. 2016 жылы да ТОП-10-да Рамазан ғана болды.
Ал 2025 жылы ұлдардың ТОП-10-ына Мұхаммед, Омар, Хамза және Әмір кірді. Мұхаммед 2 019 баламен бірінші орынға шықса, Омарды 1 674, Хамзаны 1 177, Әмірді 1 058 бала алған. Бұл жерде Мұхаммед есімінің 2024, 2025, 2026 жылдарда қатарынан көш бастап тұранын айту керек. Ал 2014 жылдан 2024 жылға дейін Алихан есімі 10 жыл бойы ТОП-100-дің басында тұрды.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Қыздарда бұл өзгеріс ертерек басталғанын айттық. 1996 және 2006 жылдары ТОП-10-да ислами дәстүрге жататын жалғыз Мадина есімі болды. 2016 жылы Айша, Кәусар, Амина және Медина калька сияқты төрт есім ондыққа кірді. Ал 2025 жылы ТОП-10-да діни трендке жататын есімдер саны беске жетті: Медина, Айша, Мариям, Әдия және Сафия. Олардың ішінде Медина – 2 888, Айша – 2 385, Мариям – 1 856, Әдия – 1 832, Сафия – 1 538 балаға қойылған.

2026 жылдың 6 айында дерек негізгі үрдістің сақталғанын көрсетеді. Ұлдар арасында Мұхаммед, Хамза, Омар сияқты есімдер ТОП-10-да қалса, қыздарда Медина, Айша, Мариям, Әдия жоғары ондықтағы орнын сақтаған. Сонымен бірге Айсұлтан, Алихан, Алдияр, Айбар, Асылым, Аяла, Айым, Зере секілді қазақи есімдер де танымал болып отыр.

Сондықтан әзірге «қазақи есімдер жойылып барады» деп дабыл қағуға ертерек. Дегенмен қазақ қоғамындағы есім таңдау кеңістігі өзгеріп, діни трендке жататын есімдердің салмағы артқан. Әсіресе Мұхаммед, Омар, Хамза, Айша, Мариям, Сафия сияқты есімдердің ТОП-10-ға дейін көтерілуі, олардың уақытша сәнге емес, ата-аналардың тұрақты таңдауына айналғанын көрсетеді.

Back to top button