ЕрекшеЖаңалықтар

Жерден де көне: АҚШ-та үйдің төбесіне метеорит құлады

АҚШ-та үйдің төбесін тесіп өткен метеорит Жерден де көне болуы мүмкін деп ғалымдар мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы BBC-ге сілтеме жасап.

NASA-ның дерегінше, 26 маусым күні Джорджия штатының үстінен метеорит күндізгі уақытта ұшып өтіп, кейін жарылған.

Джорджия университетінің зерттеушілері Макдоно қаласындағы үйдің шатырын тескен тас фрагментін зерттеп, метеориттің түріне қарап, оның шамамен 4,56 миллиард жыл бұрын пайда болғанын анықтаған. Бұл Жерден 20 миллион жылға көне деген сөз.

Метеориттің ұшуын және жарылысын Джорджия мен көрші штаттардың жүздеген тұрғыны көрген.

Ұшу кезінде метеориттің көлемі мен жылдамдығы тез азайғанымен, Генри округіндегі үйдің төбесіне соғылған сәтте оның жылдамдығы секундына кемінде 1 шақырым болған.

Ғалымдарға ғимаратқа түскен көптеген бөлшектер беріліп, олардың шығу тегі зерттелді.

Джорджия университетінің геологы Скотт Харрис бастаған топ оптикалық және электрондық микроскоп арқылы метеориттің түрін анықтаған.

NASA дерегі бойынша, ол — хондрит, яғни ең кең тараған тас метеорит түрі, бұл оның жасын шамамен 4,56 миллиард жыл деп бағалауға мүмкіндік береді.

Үй иесінің айтуынша, ол әлі күнге дейін үйінің айналасынан ғарыштық шаң бөлшектерін тауып жүр.

«Макдоно метеориті» аталған бұл нысан Джорджияда табылған 27-метеорит болды.

— Бұрын мұндай оқиға бірнеше онжылдықта бір рет болса, қазір соңғы 20 жылда бірнеше рет қайталанып отыр, — деді Харрис. — Қазіргі технологиялар мен халықтың қырағылығы метеориттерді жиі анықтауға мүмкіндік береді.

Back to top button