Отадан кейін денесінде дәке қалған: Қызылорда тұрғыны дәрігерлерді сотқа берді
Қызылорда облысы тұрғыны ота жасап болған соң денесінде дәке тампоны қалып қойды деп сотқа жүгінді. Жағдайы нашарлаған соң қайта операция жасауға тура келген, деп хабарлайды Tizgin.kz Жоғарғы Сотқа сілтеме жасап.
Денсаулығы нашарлаған
Сот отырысында белгілі болғандай, ер адамға алғашында кистаны алып тастау бойынша ота жасалған. Бірақ хирург іске араласса да, науқастың жағдайы оңалмады. Керісінше, күн өткен сайын денсаулығы нашарлай берген.
Осыдан кейін ол басқа медициналық мекемеге жүгінді. Қайта операция жасалып, дәрігерлер қалып қойған дәке тампонын анықтаған.
Қайта жасалған операция ақысын ер адам өз қалтасынан төлеген көрінеді. Осыдан кейін ол сотқа жүгініп, медициналық ұйымнан материалдық шығын мен моральдық зиянды өтеуді талап етті.
Медициналық ұйымның кінәсі дәлелденді
Қайта жасалған операция хаттамасы, медициналық құжаттар мен бейнежазба арқылы денеде бөгде заттың қалып қойғаны белгілі болды. Бұл жағдайды пациентке кейінірек ем көрсеткен медициналық ұйым өкілі де растаған.
Бұзушылықтар анықталды
Дәрігерлер ағаттығынан соң науқаста жара мен қабыну процесі пайда болған. Бұл да медициналық құжаттар мен емдеуші дәрігер түсініктемесімен дәлелденді.
Медициналық қызметтердің сапасын бақылауға жауапты уәкілетті орган жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында алғашқы операция жасалған клиникада медициналық көмек көрсету кезінде бұзушылықтар анықталған.
Медициналық құжаттарды рәсімдеу кезінде де кем-кетіктер болған. Күнделікті жазбалар толық толтырылмаған, зерттеу нәтижелеріне клиникалық түсіндірме берілмеген. Сонымен қатар операция кезінде алынған материалдарды зерттеу туралы мәліметтер де болмады.
Өтемақы төленеді
Ұсынылған дәлелдерді зерттеген сот медициналық ұйымның кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келді.
Сот пациенттің талап арызын қанағаттандырды. Медициналық ұйымнан оның пайдасына моральдық зиян мен материалдық шығынды өтеу үшін 1,5 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді.