Астанада 37 адамның “қажылыққа апарам” деп ақшасын иемденген екі адамға үкім шықты
Астанада Мекке мен Мәдина қалаларына қажылық сапарын ұйымдастыруға уәде беріп, ондаған азаматтың ақшасын иемденген екі тұрғынға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Instagram арқылы клиент жинаған
Іс материалдарына сәйкес, елорданың екі тұрғыны алдын ала сөз байласып, Instagram әлеуметтік желісінде Сауд Арабиясының Мекке және Мәдина қалаларына қажылық сапарын ұйымдастыру туралы жарнама жариялаған.
Олардың уәдесіне сенген 37 азамат сапар ақысын төлеген. Сот дерегінше, жәбірленушілерден жиналған қаражаттың жалпы көлемі 60 млн теңгеге жеткен.
Алайда сапарды ұйымдастырушылар алған міндеттемелерін орындамаған. Оның орнына азаматтардан жиналған ақшаны өз қалауы бойынша жұмсаған.
Үкім
Сот үкімімен екі сотталушының әрқайсысына төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ жәбірленушілердің материалдық залалды өндіріп алу туралы азаматтық талаптары толық көлемде қанағаттандырылды. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды қажылық сапарын ұйымдастыратын тұлғалар мен компанияларды алдын ала тексеруге, сондай-ақ күмәнді адамдарға ақша бермеуге шақырды.