Жаңалықтар

“Павлодар наш” деген ресейлік блогерге Қазақстанға 5 жыл бойы кіруге шектеу қойылды

Қазақстанның аумақтық тұтастығына күмән келтіріп, ел азаматтары мен ұлттық құндылықтарды кемсіткен шетелдік стример әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған Қазақстанға бес жыл бойы кіруге шектеу қойылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әлеуметтік желілер мен Twitch платформасында Fasoollka лақап атымен танылған ресейлік стримердің Қазақстан аумағында жүргізген тікелей эфирлерінен үзінділер тараған.

Қазақстан қалаларының елге тиесілігін даулаған

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, стример тікелей эфирлері кезінде Қазақстанға қатысты жүйелі түрде арандатушы әрі іріткі салатын мәлімдемелер жасаған. Атап айтқанда, ол елдің аумақтық тұтастығына күмән келтіріп, Қазақстан қалаларының қай мемлекетке тиесілі екенін даулаған. Сондай-ақ Қазақстан азаматтарына, ұлттық мәдениет пен дәстүрге қатысты кемсітуші сипаттағы пікірлер айтқан.

Шетелдік азаматтың тікелей эфирлерін полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықтаған.

Сот айыппұл салды

Полицияның хабарлауынша, сот шетелдік азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартып, оған айыппұл салған. Сонымен қатар оның заңда белгіленген тәртіппен Қазақстан аумағынан шығуына қатысты тиісті шаралар қабылданған.

«Шетелдік азамат сот шешімімен айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ел аумағынан заңда белгіленген тәртіппен шығуы бойынша шаралар қабылданды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оған Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге шектеу қойылады», – деп мәлімдеді Астана қалалық полиция департаменті.

Полиция шетелдік азаматтарға ескерту жасады

Құқық қорғау органдары Қазақстанның шетел азаматтары мен қонақтары үшін ашық ел екенін атап өтті. Алайда ел аумағында жүрген әрбір адам Қазақстан заңдарын бұлжытпай сақтап, мемлекетке, оның азаматтарына, мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарауға міндетті.

Полиция жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын бұзып, елге және оның халқына құрметсіздік танытқан адамдар заң аясында жауапқа тартылатынын ескертті.

Fasoollka лақап атымен танылған Ксения Гузаева – Ресей азаматы. Ашық деректерде оның Донецкіде туғаны көрсетіледі.

Back to top button