Баланы бірінші сыныпқа қалай дайындау керек – психолог кеңесі
Мектеп – баланың өміріндегі ерекше кезең.
Баланы бірінші сыныпқа берген кезде ең басты мәселе – оның әріптер мен сандарды білетін-білмейтінінде емес, шын мәнінде мектепке баруға дайын екенінде және мектептегі күндері қалай өтетіндігінде. Tizgin.kz тілшісі баланы мектепке психологиялық тұрғыда қалай дайындауға болатыны туралы психологпен әңгімелесті.
Мектеп – бала өміріндегі жаңа кезең
Бала мектепте құрдастарымен және мұғалімдермен алғашқы маңызды қарым-қатынастарын қалыптастырады. Ол мол тәжірибе жинақтайды: достар табады, өзіне жақпайтын адамдарды кездестіреді, алғаш рет ұнатып, ренжіседі, білім алып, әлемді жаңа қырынан тани бастайды.
Психолог Назерке Көкебаеваның айтуынша, бірініші сыныпқа баратын бала ата-анасынан физикалық және эмоциялық тұрғыда сепарацияланады. 5-6 жастан бастап балаға біртіндеп көбірек жауапкершілік беруге, зейін мен есте сақтауды дамытатын ойындар ойнауға, эмоцияларды талқылауға және жаңа нәрсеге деген қызығушылығын қолдауға болады.
«Балалар ата-анасының мектепке деген көзқарасын сезінеді. Егер үлкендер: «Ой, енді мектеп басталады!» деп ашумен, күрсініспен айтса – бала алдын ала алаңдай бастайды. Ал егер «Мектепте қаншама қызық бар. Ол жерде оқуды, санауды және достасуды үйренеді» дегенді естісе – онда ішкі ынтасы қалыптасады. Балаңызды жаныңызға алып, ол болашақта оқитын мектептің маңына барып серуендеуіңізге болады. Мектепке миллиондаған баланың баратынын, өзіңіздің де мектепте оқығаныңызды түсіндіріңіз. Сонда жаңа міндеттер бала үшін күтпеген жағдай болмайды. Оған өзіңіздің балалық шағыңыздағы мектепте болған қызықты оқиғаларды айтып беріп, оқудың қызықты екенін, қорқынышты емес екенін көрсетіңіз», – дейді психолог.
«Баланы мектепке ойын арқылы дайындаңыз»
Оның айтуынша, балаға біртіндеп жауапкершілік арта бастау керек.
«Баланың өзіне деген сенімділігі көбіне қарапайым тұрмыстық дағдылардан басталады: өзі киініп, түймесін тағады, ойыншықтарын жинайды, тіскебасарын алып, өзіне су құяды. Заттарының қайда тұрғанын біледі. Осы ұсақ-түйек дағдылардың барлығы – болашақ оқушының психологиялық негізі. Біртіндеп балаға көбірек жауапкершілік бере бастаңыз. Сондай-ақ, оқуға деген қызығушылықты ойын арқылы оятқан дұрыс. Пазл құрастырыңыздар, суреттерден айырмашылықтарды табыңыздар, қысқа әңгімелерді оқып, оларды талқылаңыздар. Әңгімелесу кезінде: «Балабақшаға бара жатқан жолда не көрдің?» деп, болған оқиғалардың ретін еске түсіріңіздер. Заттарды жасырып ойнауға болады: бір затты алып қойып, баладан ненің жоғалғанын еске түсіруін сұраңыздар. Бұл – күйзеліссіз оқу дағдыларын дамытуға көмектесетін қарапайым, бірақ тиімді тәсілдер», – дейді ол.
«Балаңызға сезімдерін айтуды үйретіңіз»
Маманның айтуынша, мектепке бару – өзгеріс. Ал қуанышты өзгерістердің өзі қорқыныш тудыруы мүмкін, сондықтан баланы өз сезімдері туралы айтуға және сабыр сақтаудың жолдарын табуға үйрету маңызды.
«Күнделікті өмірде сезімдерін атап айтуға үйретіңіз: «Сен ашуланып тұрсың, себебі…» немесе «Сен ренжідің – бұл қалыпты жағдай».Баланы жағымсыз эмоциялар билеген кезде, оған терең тыныс алуға көмектесіп, сурет салуды ұсынып – оны сабыр сақтауға үйретіңіз. Сонда балаға жаңа жағдайларға бейімделу жеңілірек болады», – дейді Назерке Көкебаева.
Ата-ананың сенімі – ең жақсы дайындық
Маман бірінші сыныпқа баратын балаға бірлескен серуендерді, үйірмелерді, ойын түріндегі кездесулерді ұйымдастыру қажет екенін айтты.
«Балаға кезек күтуді, келісімге келуді, көмек сұрауды үйрену маңызды – мұның бәрі сыныпта қажет болады. Ең бастысы – асықпаңыз. Күзге дейін бала мінсіз оқып, жаза білуі керек деп талап етпеңіз. Одан да маңыздысы – оның қателесуден, жаңа нәрсені байқап көруден қорықпауы және жаңа дүниеге деген қызығушылығын жоғалтпауы. Ата-ананың сүйіспеншілігі, сабырлылығы мен сенімі – мектепке ең жақсы дайындық. Ата-аналар жасай алатын ең маңызды нәрсе – баланың білімге деген қызығушылығын және өзіне деген сенімін сақтау. Егер үйде оған тыныш әрі қолдау көрсететін үлкендер болса, онда ол мектепке қуана барады», – дейді маман.
Кімдер бірінші сыныпқа бара алады
Еске салсақ, Қазақстанда бірінші сыныпқа қабылдау үшін құжаттар 2026 жылдың 27 мамыры мен 31 тамызы аралығында қабылданады.
Бірінші сыныпқа алты жасқа толған немесе 1 қыркүйекке дейін алты жасқа толатын балалар қабылданады. Әдетте, жалпы білім беретін мектепке құжат тапсырарда қабылдау емтихандары талап етілмейді.
Оқуға қабылдау кезінде нақты мектепке бекітілген аумақта тұратын балаларға басымдық беріледі.
Ресми ақпаратқа сәйкес, жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды деп күтіледі. Әзірге 320 мыңға жуық бала қабылданды.