Ғалым Тұрсын Жұртбай I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды
Мемлекет басшысы бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Мемлекет басшысы Ақорда төрінде өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатын, ұлт мүддесі үшін қажырлы қызмет етіп, халықтың ықыласына бөленіп келе жатқан бір топ азаматқа құрмет көрсетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Елге еңбегі сіңген азаматтар ұлықталды
Атап айтқанда, көрнекті суретші, танымал өнер қайраткері Бәтима Зәуірбековаға «Отан» ордені, көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбайға I дәрежелі «Барыс» ордені, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі «Барыс» ордені табысталды. Белгілі актер, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев марапат иелерін құттықтап, әрқайсысының ел үшін сіңірген еңбегіне жеке-жеке тоқталды.
«Абайды тану – қазақты тану»
Мемлекет басшысы саналы ғұмырын ұлт руханиятын дамытуға арнап келе жатқан көрнекті ғалым, қарымды қаламгер Тұрсын Жұртбай төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
«Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, жан-жақты дәріптеуге зор еңбек сіңірдіңіз. Абай – ұлттың рухани темірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағдары. Шын мәнінде, ұлы ойшылды тану – қазақты тану деген сөз. Сіз Мұхтар Әуезовтің және ұлт қайраткерлерінің мол мұрасы мен өнегелі өмірі туралы құнды ғылыми еңбектер жаздыңыз. Шоқтығы биік көркем шығармаларыңыз арқылы төл әдебиетіміздің құндылығын арттыра түстіңіз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент елдегі реформаларға тоқталды
Мемлекет басшысы сөзін түйіндей келе, қазір Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолына түсіп, елімізде түбегейлі өзгерістер жасалып жатқанына назар аударды.
«Ұлт тағдырын айқындайтын тарихи шешімдер қабылданды. Біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдум өткіздік, жаңа Конституциямызды қабылдадық. Азаматтарымыз жаңа Ата заңды бірауыздан қолдап, дауыс берді. Қазақта «Береке бастауы – бірлік» деген жақсы сөз бар. Біз ырысты ынтымағымызды сақтай білсек, еліміз де өсіп-өркендей береді. Көп ұзамай Қазақстан тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл ел өміріндегі маңызды оқиға болмақ. Қазір науқан белсенді өтіп жатыр. Партиялар саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетуде. Алдымызда өте жауапты кезең тұр. Ұлт болып ұйысып, бір ел болып жұмыла еңбек етеміз деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.