TOP-2Жаңалықтар

Вэнс Украинадан Қазақстан мұнайын таситын танкерлерге соққыны тоқтатуды сұрады – FT

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Украина президенті Владимир Зеленскийден Ресейдің Новороссийск портына қатынайтын мұнай танкерлеріне шабуылды тоқтатуды сұраған. Киев бұл өтінішті қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Financial Times басылымына сілтеме жасап.

Вашингтон Қазақстан мұнайына төнген қауіпке алаңдайды

Басылымның Украина шенеуніктеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Вэнс бұл мәселені 31 шілде күні Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен кезде көтерген. Вашингтонды Украина шабуылдарының әлемдік мұнай нарығына кері әсер етіп, Қазақстаннан жеткізілетін шикізатқа қатысы бар америкалық компанияларға зиян келтіруі алаңдатқан. Әңгіме Каспий құбыр консорциумы арқылы Новороссийск портына тасымалданатын Қазақстан мұнайы туралы болып отыр.

Осыдан кейін Украина КҚК инфрақұрылымына және Ресейге тиесілі емес кемелерге шабуыл жасамауға келіскен. Алайда бұл талап Украина санкциясына ілінген немесе Ресей мұнайы мен басқа да жүктерін тасымалдайтын кемелерге қолданылмайды.

Financial Times мәліметінше, содан бері КҚК терминалы маңындағы танкерлерге жаңа шабуыл жасалмаған.

Шабуылдар мұнай тасымалына әсер етті

Шілдеде Қара теңіздегі дрон шабуылдарының салдарынан КҚК арқылы мұнай тиеу көлемінің бестен бір бөлігіне дейін тоқтап қалған. Reuters дерегінше, Қазақстанның мұнай өндірісі шілдеде маусыммен салыстырғанда 14%-ға төмендеген.

КҚК бағыты Қазақстан мұнайының басым бөлігін сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Бұл жобада америкалық Chevron және ExxonMobil компанияларының да елеулі мүддесі бар.

Financial Times шілдеде КҚК терминалында мұнай тиеуді күтіп тұрған Exxon компаниясы жалдаған танкерлердің бірі соққыға ұшырағанын жазды. Бұған дейін Chevron басшысы Майк Уирт компанияның мұнай құбырының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін АҚШ және өзге елдердің билігімен байланыс орнатып отырғанын айтқан.

Киевтің шешімі Patriot жүйелерімен байланысты болуы мүмкін

Басылым дереккөзінің айтуынша, Украинаның АҚШ өтінішін қабылдауына әуе қорғанысын күшейту мәселесі де ықпал еткен. Киев Patriot жүйесіне арналған зымырандарды өндіруге АҚШ лицензиясын алуға және қысқа дейін бірнеше жүз зымыран сатып алуға мүдделі.

Сонымен қатар Украина Ресей аумағындағы мұнай өңдеу зауыттары мен энергетикалық нысандарға жасалатын шабуылдарды жалғастырып жатыр. Киев мұндай операциялардың мақсатын Мәскеудің соғысты қаржыландыруға пайдаланатын кіріс көздерін қысқарту деп түсіндіреді.

Ақ үй, АҚШ Мемлекеттік департаменті және Вэнстің кеңсесі бұл ақпаратқа әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Reuters те Financial Times жариялаған деректерді тәуелсіз түрде растай алмағанын атап өтті.

Back to top button