Алматыда 9-шы қабаттан құлап, аса ауыр жарақат алған 34 жастағы әйел комадан шығып, он күннен кейін үйіне оралды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әйел №7 қалалық клиникалық ауруханаға ес-түссіз күйде, травмалық шокпен жеткізілген. Дәрігерлер оған бас-ми жарақаты, кеуде қуысының зақымдануы, қабырға, жамбас, сан және тоқпан жіліктерінің сынуы диагнозын қойған. Сондай-ақ науқастан пневмоторакс пен гемоторакс анықталған.
Бірнеше күрделі операция жасалды
Әйелге бірнеше кезеңнен тұратын ота жасалған. Оны емдеуге анестезиолог-реаниматологтар, травматологтар, нейрохирургтер, хирургтер және басқа да бейінді мамандар жұмылдырылған.
«Емдеудің барлық кезеңінде тромбоэмболия мен май эмболиясын қоса алғанда, асқыну қаупі өте жоғары болды. Алайда мамандардың бірлескен жұмысы мен дұрыс таңдалған емдеу тәсілінің арқасында оң нәтижеге қол жеткіздік», – деді политравма бөлімінің меңгерушісі Рамазан Әскеров.
Дәрігерлер науқасты емдеудің жетінші тәулігінде аяғынан тұрғызған. Ал оныншы күні әйел амбулаториялық ем қабылдап, оңалтудан өту үшін ауруханадан шығарылды.