«5 жасар кездегі арманым орындалды»: әнші Садраддин көпбалалы анаға пәтер сыйлады
Әнші бұл туралы Instagram парақшасында видео жариялады.
Қазақстандық әнші Садраддин Болат бес баласын жалғыз тәрбиелеп отырған көпбалалы анаға пәтер сыйлады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Өнер иесі Instagram парақшасында отбасына жаңа баспананың кілтін табыстаған сәті түсірілген видеоны жариялады.
«Бес жасар Садраддиннің арманы орындалды», – деп жазылған видео сипаттамасында.
Әншінің балалық шақтағы арманы
Садраддин Болат бала кезінде анасымен бірге бір жалдамалы пәтерден екіншісіне жиі көшіп жүргенін айтты. Сол кезден бастап жеке баспаналы болу оның басты балалық армандарының біріне айналған.
«Қазір, шүкір, осындай мүмкіндік пайда болған кезде бір отбасыны қуантып, оның арманын орындауды ұйғардық. Өз баспанамның болғаны бала кезімнен бергі арманым еді. Бүгінде жалғызбасты көпбалалы ана үшін пәтер жалдау – үлкен мәселе. Міне, сол күн де келді. Құдайдың қалауымен бір адамға пәтер сыйлаймыз», – деді Садраддин.
Пәтерді бес баланың анасына сыйлады
Әнші жаңа баспананы бес баласын жалғыз тәрбиелеп отырған анаға сыйлауды шешкен. Денсаулығына байланысты ол еңбекке жарамсыз деп танылған.
«Мен балаларыма ұйықтайық деп айтам, бірақ өзім ұйықтай алмаймын. Шыны керек, бұлай болады деп ойламадым. Сезген жоқпын. Мен қазір осы жерге келіп, балаларыма киім-кешек алып, үйге барған соң рақметімді айтып, видео түсірем деп ойлап келе жаттым. Баспаналы боламын деп ойламадым. Алла разы болсын!», – деді көпбалалы ана.
Отбасы тосынсыйдан бейхабар болған
Садраддиннің айтуынша, отбасы кездесуге балаларға мектепке қажетті киім алып беруге көмектеседі деген сылтаумен шақырылған. Олар өздерін қандай тосынсый күтіп тұрғанын білмеген.
Әнші отбасыға пәтер сыйлайтынын айтқан кезде, әйел мен оның балалары көз жасын тоқтата алмады. Олар өнер иесіне күтпеген әрі бағалы сыйлығы үшін алғыстарын білдірді.