$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Қазақстан студенттері Жапонияда тегін білім ала алады

Стипендиялық бағдарламаға магистратура және докторантурада білім алатын студенттер қатыса алады.

Қазақстандық студенттер 2027 жылдан бастап Жапонияда тегін білім алуға мүмкіндік алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Стипендия иелеріне шәкіртақы беріледі

Tokyo Metropolitan University халықаралық студенттерге арналған Tokyo Global Partner Scholarship Program (Tokyo GP) стипендиялық бағдарламасына өтінім қабылдауды бастады. Бағдарлама аясында студенттердің оқу ақысы, университетке түсу жарнасы және халықаралық әуе билеті толықтай төленеді.

Сонымен қатар, стипендия иегерлеріне ай сайын 150 мың жапон иенасы көлемінде шәкіртақы беріледі.

Бағдарлама магистранттар мен докторанттарға арналған

Стипендиялық бағдарламаға магистратура және докторантурада білім алатын студенттер қатыса алады. Оның ішінде Азия елдеріндегі университеттің серіктес жоғары оқу орындарының студенттері де өтінім бере алады.

Қандай бағыттар бойынша білім алуға болады?

Бағдарлама бойынша білім алу үшін бірнеше бағыт ұсынылған. Олардың қатарында:

  • жаратылыстану ғылымдары;
  • жүйелік дизайн;
  • медициналық зерттеулер;
  • басқа да ғылыми бағыттар бар.

Айта кететін жайт, кейбір білім беру бағдарламалары тек жапон тілінде жүргізіледі.

Осылайша, қазақстандық студенттер 2027 жылдан бастап Жапонияның жетекші жоғары оқу орындарының бірінде қаржылық шығынсыз білім алып, халықаралық академиялық тәжірибе жинақтай алады.

Еске салсақ, бұған дейін Жапонияда тұратын қазақстандық жас ғалым туралы жаздық. PhD жапонтанушы әрі Жапония университетінде ғылыми қызметкер Олжас Бекенұлы Қуанбай жапонтанушы ретінде ұзақ жылдар бойы Күншығыс елінің тарихын, тілі мен мәдениетін зерттеп келеді. Ол Tizgin.kz тілшісіне берген сұхбатында жапондар пойыздың небәрі 20 секундқа кешіккені үшін неге кешірім сұрайтынын, екі мәдениеттің арасында өмір сүру қандай екенін, ғылым жолы және Жапонияда сақталған Қазақстан тарихына қатысты бірегей архивтік құжаттарды не үшін қазақ тіліне аударып жүргенін айтты. 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button