Тергеу

Сарапшы күдіктінің ақыл-ойы дұрыс болғанын айтты – Нұрай ісі

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін күдікті Шерхан Аймаханға қатысты психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шерхан Аймаханнан қоғамға қауіп бар ма

Сот отырысында адвокат психиатр-сарапшыға сотталушының қазіргі психикалық жағдайына мен сараптама қорытындысы бойынша сұрақтар қойды.

Адвокат Аянхан Омаров алдымен сотталушының қазір қоғамға қауіп төндіру дәрежесін сұрады. Сарапшы сөзінше, сараптама жүргізілгенде сотталушы психикалық жағдайына сәйкес қоғамға қауіп төндірмеген.

“Психикалық жағдайы бойынша күдікті сараптамадан өту кезінде қоғамға қауіп тудырмады. Демек ол сот тергеу амалдарына қатысып, өз күйін қорғай алады”, – деді сарапшы.

Мұнымен қоса, сарапшы қазір сотталушы қосымша емделуді қажет етпейтінін айтты. Адвокат сотталушының қылмыс жасаған сәтте аффект жағдайында болғанын бірнеше рет айтқанын еске салып, осыған түсініктеме беруді сұрады.

Дегенмен сарапшы бұл сұраққа психиатр емес, психолог жауап беруі керек екенін айтты.

Сараптамаға ұсынылған материалдар

Сотта күдіктінің адвокаты сарапшыдан сараптама жүргізуге мамандарға қандай құжаттар берілгенін сұрады. Сарапшы әуелі сараптама қорытындысын жасау үшін қылмыстық іс материалдары пайдаланылғанын жеткізді. Сондай-ақ сарапшылардың өз әдістемелері мен ғылыми әдебиеттері бар екенін түсіндірді.

Адвокат нақтылап, тергеу органы сарапшыларға қандай материалдарды тапсырғанын сұрады. Сарапшы бұл сұраққа жауап беру кезінде нақты құжаттарды атап шығу үшін материалдарды қарап шығу керегін айтты.

Сот отырысында сараптамаға екі бума қылмыстық іс материалы мен бейнежазба тапсырылғаны туралы да сөз болды. Адвокат сарапшыларға барлық қажет материал толық ұсынылды ма деген сұрақ қойды.

Сарапшы сараптама қорытындысын шығаруға берілген материалдар жеткілікті болғанын айтты.

F42.2 шифры нені білдіреді

Адвокат сараптама қорытындысындағы бір тармаққа назар аударды. Онда сотталушының созылмалы психикалық бұзылудан зардап шекпейтіні, алайда оның бойында психикалық бұзылыс белгілері байқалғаны көрсетілген. Адвокат осы екі тұжырым арасында қайшылық бар-жоғын сұрады.

Сарапшы шизофрения мен шизотипиялық ауытқуды психикалық бұзылыстарға жататынын алға тартты. Ал сотталушының медициналық картасында көрсетілген F42.2 шифры басқа жағдайды білдіреді.

Сарапшы бұл диагноз медициналық құжатта және қылмыстық іс материалдарында болғандықтан, сараптама кезінде ескерілгенін жеткізді.

“Бірақ бұл өзінің іс-әрекетіне толыққанды есеп беруден айырмайды. Яғни, ол өз әрекеттерін басқарып, бағамдауға қабілетті болған”, – деді сарапшы.

Адвокат бұл тұжырымды комиссия мүшесі ретінде растайсыз ба деп сұрады. Сарапшы “иә” деп жауап берді.

Сарапшыға қойылған сұрақ

Сотта судья Самиддин Темірәлиев сарапшыға Шерхан Аймаханның сараптама кезіндегі мінез-құлқына қатысты сұрақ қойды.

Сарапшы сараптама кезінде сотталушының санасы анық болғанын айтты. Ол қойылған сұрақтарға толық жауап берді және сараптамадан өтуге кедергі келтіретін жағдай байқалмаған.

“Сараптама кезінде санасы анық болды, сұрақтарға толық жауап берді. Ешқандай сандырақ, жаман ойлар, психикалық бұзылыстар байқалмады”, – деді сарапшы.

Бұған дейін Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай күдіктіден не үшін 10 млрд теңге талап еткенін түсіндірген болатын.

Сұлтан Серікбай не дейді

“Не үшін біз 10 млрд теңге өтемақы талап еттік? Жауапты екі тармаққа бөлуге болады. Біріншісі – заңгерлік, екіншісі моральдық тұрғыда. Заң жағынан келер болсақ, сотталушы осы шығындарды өтемей, ешқандай шартты жазаға іліне алмайды немесе жазасын жеңілдете алмайды. Яғни, өмір бақи осы соманы төлейтіндей болуы керек. Екіншіден, сот қанша соманы бекітетінін соттың өзі біледі. Ал жәбірленуші тарап қандай сома талап ететінін өзі шешеді. Сондықтан, біз өзіміз дұрыс деп қабылдаған шешімді бекіттік”, – дейді Сұлтан Серікбай.

Оның айтуынша, күдікті әлемнің бүкіл ақшасын алып келсе де, Нұрайдың құнын өтеп бере алмайтынын мәлімдеді. Өйткені ағасы адамның өмірі ақшамен есептелмейтінін айтады.

Back to top button