«Ұмай» ипотекасы қайта іске қосылады: әйелдерге қандай талаптар қойылады
Осы бағдарлама бойынша әйелдер бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып ала алады.
«Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы биыл тамыз айының соңына дейін іске қосылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Биыл бағдарлама тамыздың соңғы күндеріне дейін іске қосылады. Қазіргі таңда Азия даму банкі бізге ұсынатын қаражаттың шамамен құнын білеміз. «Отбасы банкінен» айырмашылығы, әйелдер ипотекасы – тартылған қаражат есебінен берілетін несие. Яғни әйелдер бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып ала алады, мұнда шектеу жоқ. Бұл мемлекеттік бағдарлама емес.
Ең бастысы – өтініш берушінің қолданыстағы депозитінің болуы және онда қаражат жинақтау мерзімі ескеріледі. Сондықтан депозиттерді алдын ала ашуға кеңес бердік», – деді «Отбасы банк» басшысы.
Сондай-ақ, ол қазақстандық әйелдер арасында бұл ипотекаға сұраныс өте жоғары екенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Отбасы банк ипотекаға жарамды тұрғын үй тізімін кеңейткені туралы жаздық. Банк енді бетон және керамзитбетон негізіндегі панельдерден немесе плиталардан салынған тұрғын үйлерді кепілге қабылдайды. Бірақ несиеге өтініш берілген күні тұрғын үйдің пайдалану мерзімі 60 жылдан аспауы тиіс.