TOP-2ЕрекшеЖаңалықтар

Туғаннан зағип қазақстандық жүлделі пианист баспанасыз жүр

Көзіне әлемнің жарығы түспесе де, жүрегі мен саусақтары музыкаға жол тапқан астаналық жас пианист Абылай Мұстафин Лондонда 35 елдің өнерпаздары бақ сынаған Golden Time Talent халықаралық байқауында топ жарып, «Фортепиано» номинациясында бірінші орын иеленді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Туа біткен көру қабілетінің жоқтығына қарамастан, ноталарды көрмей-ақ, шығармаларды есту және есте сақтау арқылы меңгеріп, биыл мектеп пен музыкалық мектепті «қызыл аттестат» және «қызыл дипломмен» тәмамдап, Қазақ ұлттық өнер университеті Күләш Байсейітова атындағы колледжіне мемлекеттік грантпен оқуға түскен өнерпаз өз әсерімен бөлісті,

Мүмкін емес нәрсені мүмкін етті

Абылай туғаннан бері көзі мүлдем көрмейді, тіпті жарықты да ажырата алмайды. Брайль әліпбиімен оқып, жазады. Ноталарды есту және есте сақтау арқылы үйренген. Биыл №10 гимназияны «қызыл аттестатпен», ал Роза Бағланова атындағы музыкалық мектепті «қызыл дипломмен» аяқтаған.

Ол 35 елден келген өнерпаздар арасындағы бәсекеде топ жарып, мүмкін емес нәрсенің мүмкін екенін дәлелдеді.

«Байқауға қатысушылардың көздері көреді. Олар пианинода ойнап отырғанда нотаны көріп отырады, сондықтан кез келген шығарманы бірден ойнап кете алады. Ал мен бәрін жаттап үйренемін. Әр шығарманы музыка пәнінің мұғалімімен бірге есту арқылы тыңдап, жаттап аламын. Менің репертуарым шектеулі: қанша шығарма үйренсем, соншасын ғана ойнай аламын, бірақ мен де дайындыққа өзгелерден кем емес ынтамен әрі мұқият дайындалдым», – дейді ол.

«Бүкіл әлем мен үшін тоқтап қалғандай болды»

Лондон қаласында өткен Golden Time Talent халықаралық байқауының «Фортепиано» номинациясы бойынша 1-орынды жеңіп алған жас талант алған әсерімен бөлісті.

«Мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты пианистермен танысып, олармен бірге Корольдік Музыка Академиясының сахнасында өнер көрсеткеніме зор әсер алдым. Бұл байқау маған бір сәтке болса да бәрімен бірдей екенімді сезінуге мүмкіндік берді: мен роялдің алдына отырғанда бүкіл әлем мен үшін тоқтап қалғандай болды: ноталарды көрмей, шығарманы жатқа ойнағаным маңызды емес еді. Мен музыкаға еніп, мұғаліммен бірге өткен жаттығуларымдағыдай ойнадым. Өнерімнен кейін залдағы тыңдаушылар – байқаудағы жолдастарым мен қазылар алқасы ду қол шапалақтап, зор қолдау көрсетті. Сол сәтте мені  бүкіл әлем қабылдағандай сезіндім», – дейді Абылай Мустафин.

Лондондағы Қазақстан елшілігі Абылайды шайға шақырды

Байқаудың нәтижелері жарияланғаннан кейін бірден Лондондағы Қазақстан Елшілігі Абылай мен анасын шайға шақырған.

«Бұл менің Лондондағы соңғы күнім еді. Сол күні мен Chessington World of Adventures саябағына баруды жоспарлаған едім. Лондонда ыстық болғандықтан, анаммен қаладан шығып, серуендегіміз келді. Бұл саябақ су сырғанақтарымен танымал, олар менің диагнозым бар балаларға да лайықталған. Менің диагнозым – көздегі торлы қабықтың сылынуы және шала туылған нәрестелердің 5-дәрежелі ретинопатиясы. Елшілікке шақырылғанымызды білген соң, біз жоспарымызды өзгертіп, 125 Pall Mall мекенжайына бардық. Елшілікте мені жылы қарсы алып, көптеген игі тілектер айтты, ескерткіш мүсінше мен «Қазақстан» шоколадын сыйға тартты. Ризашылығымды білдіру үшін мен Латиф Хамиди, Сәбит Мұқанов және Күләш Байсейітованың «Қазақ вальсі» әнін орындадым. Бұл сапар менің жүрегімде ұзақ сақталады», – дейді ол.

Лондондағы жеңістен кейін Абылай мен анасы баспанасыз қалды

Аталған байқауда топ жарып, бірінші орын алған Абылай Астанаға анасымен бірге қайтып оралған кезде күйзеліске түскен, себебі соңғы 5 жылда жалдап тұрып жатқан пәтерден шығарып тастаған.

«Анам екеуміз 35 градус аптап ыстықта Астананың түкпір-түкпірін шарлап, өзімізге қолайлы пәтер іздедік. Өкінішке қарай, тапқан пәтерлеріміздің барлығының жалдау ақысы 170 000 теңгеден жоғары болып шықты. Ал біздің бюджетіміз – 140 000 теңге», – дейді ол.

Threads-тегі оқырман бір жылға пәтерге тұруды ұсынды

Қуанышқа орай, Threads желісіндегі мейірімді оқырмандардың бірі Абылай мен анасын  өз пәтеріне бір жылға тұруға ұсыныс жасаған. Бір жерден екінші жерге көшіп, қарбалас жүрген Абылай оқуға түсу үшін емтихан тапсырып үлгерген.

«Мен Қазақ ұлттық өнер университеті Күләш Байсейітова атындағы колледжіне «Аспапта орындаушылық» мамандығы бойынша білім алуға мемлекеттік грант иелендім. Бұл мамандықтың біліктілігі – эстрадалық аспаптар оркестрінің әртісі (дирижер), балалар музыка мектебінің оқытушысы», – дейді ол.

Back to top button