ЕрекшеҚоғам

Абай өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өтетін салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтауын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.

ТОҚАЕВТЫҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Президент құттықтауында Абайды төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын деп атайды.

“Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында. Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді. Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық. Ұлы Абайдың аманатына адал болайық! – дейді Тоқаев.

ҰЛЫ АҚЫННЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫ

2025 жылы Қазақстанда ұлы ақын, философ және реформатор Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы кең ауқымды, рухани маңызды оқиға ретінде атап өтті. Мереке – негізінен мәдени, білім беру, ғылыми және азаматтық бағыттағы бағдарламаларды қамтып, ұлттық сана мен руханиятты жаңғыртуға бағытталған үлкен платформаға айналды.

Осы мерейтой аясында Абай облысында «Абайтану» мұрасы цифрландырылып, интернетке шығарыла бастады. Әсіресе, «ABAI AKADEMIYASY» энциклопедиялық порталы – ақынның шығармашылығын, ғылыми еңбектерін, деректі материалдарын бірік­тіруде және жастарға түсіндіру жолында негізгі ресурсқа айналды.

Сонымен қатар, республикалық және халықаралық ақындар айтысы, жыр мүшәйрасы, әдеби фестивальдер өтті, Көркем фильмдер, пьесалар, опералық қойылымдар, кітап тұсаукесерлері, ғылыми-конференциялар ұйымдастырылды. Туристер мен жұртшылық назарын аудару мақсатымен интерактивті жобалар мен әлеуметтік челлендждер, мобильді қосымшалар ұсынылды.

Back to top button