ГеосаясатЖаңалықтар

Түркия Украинадағы соғысты тоқтататын қуатты қаруға ие болды

Құрама Штаттар Түркияға өз арсеналындағы америкалық қару-жарақты Украинаға беруге рұқсат берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Трамп әкімшілігінің әрекеті

АҚШ Мемлекеттік департаменті ел Парламенті – Конгреске жолдаған құжаттарда Анкараның Киевке:

  • 12 “M270 MLRS” реактивті жүйесін,
  • 70 “M39 ATACMS” жедел-тактикалық зымыранын,
  • кассеталық оқтұмсықтары бар 2 524 дана 227 миллиметрлік “M26” басқарылмайтын реактивті снарядтарын,
  • 203 мм калибрлі “M509A1” кассеталық артиллериялық 47 мың снарядын беретіні көрсетілген.

Жеткізілім құны шамамен 280 миллион долларға бағаланған.

Қарулардың барлығы түрік республикасының әскери қоймаларында сақталып тұр. Бірақ олар кезінде АҚШ-та өндірілгендіктен, Түркия оны өз бетімен өзгеге табыстай алмайды. Үшінші елге беру үшін Вашингтонның келісімін алуы шарт.

Трамп әкімшілігі болса, Ердоған досына ағынан жарылып, қолдан барын бере алмайды. Депутаттары наразы ма, жоқ па екенін білуі керек. Осы мақсатта АҚШ Мемлекеттік департамент тиісті құжаттарды тамыздың басында Конгреске ұсынды.

Қызығы сол, америкалық заң шығарушыларға бұл ресми хабарламаны қарау үшін 15 күн беріледі. Біреу-міреу қарсылық білдірсе, осы мерзім ішінде Сенат пен Өкілдер палатасы мәмілеге тосқауыл қоятын бірлескен қарар қабылдауға тиіс. Әйтпесе, рұқсат автоматты түрде күшіне енеді.

Түркияға қандай пайда бар

Ал Өкілдер палатасы 31 тамызға дейін, яғни жаз соңына дейін, Сенат 14 қыркүйекке дейін каникулда. Яғни, олардың осы қысқа мерзім ішінде төрт көзі түгел жиналып, ортақ қарсылықтарын білдіруі неғайбыл. Америкалық конгресмендер үшін күн тәртібіндегі басты басымдық – натолас одақтасына қарсылықты рәсімдеу емес, АҚШ-тағы алдағы сайлауға дайындық. Олай болса, Анкараның өтініші Атлант мұхитының ар жағында қарсылықсыз өтуі ықтимал. Кейде халықаралық саясатта үнсіздік те шешімнің бір түріне айналады.

Түркия елі үшін де бұл қадамның пайдасы бар. Айталық, ескіріп қалған атыс жүйелері мен оқ-дәрілер қорын қысқартып, арсеналын жаңғыртады және техникалық қызмет көрсету шығындарын оңтайландырады.

Украина да ұтқан тараптың қатарында болар еді: алынған қаруды шабуылда да, қорғаныста да пайдаланып, атыс қуатын күшейте алады. Яғни, бір қару үш елдің үш түрлі стратегиялық мүддесін тоғыстырып отыр.

Келісім күшіне енген соң қару тасымалын түркиялық MKE A.S., ASFAT және ARCA Savunma компаниялары, болгариялық VTIC International Ltd. жеке компаниясы және америкалық Pansophico мен Patriot Defense Group мердігерлері жүзеге асырады.

БАҚ мәліметі

“Милитарный” басылымы Украинаға берілгелі тұрған M39 ATACMS зымырандары 165 шақырымға дейінгі нысаналарды ұра алатынын жазды. Оның автономды инерциялық бағыттау жүйесі лазерлік гироскоптарға негізделген әрі GPS арқылы қосымша түзетуді қажет етпейді.

Зымыранның 560 келілік кассеталық оқтұмсығында адам күшін, сауытталмаған техниканы, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын және басқа да аумақтық нысаналарды жоюға арналған 950 M74 субоқдәрісі бар. M39-дың салыстырмалы түрде төмен дәлдігі кассеталық оқтұмсықтың кең аумақты қамту қабілетімен өтеледі. Соғыста кейде нысананың дәл ортасын емес, оның айналасындағы кеңістікті отқа орау маңыздырақ.

“M270 MLRS жүйелерінің ерекшелігі сол, олар ATACMS-пен қатар жоғары дәлдіктегі GMLRS реактивті снарядтарын да қолдана алады. Ал 227 мм M26 DPICM кассеталық снарядтары HIMARS пен M270 жүйелерінен атылады. Оның бәрі Украинада бар. 203 мм M509A1 кассеталық артиллериялық снарядтары тіпті кеңестік 2С7 “Пион” өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыларында пайдаланылуы мүмкін”, – деді “The Moscow Times”.

70 ATACMS-тың маңызы да осында. Олар майдан шебіндегі жекелеген нысандардан гөрі оперативтік тереңдіктегі, яғни, Ресей тылындағы маңызды объектілерге жойқын соққы бере алады. Нақтылағанда, әскерилер шоғырланған орындар, казармалар, аэродромдар, оқ-дәрі қоймалары, басқару пункттері, артиллериялық позициялар, көлік тораптары және жекелеген әуе қорғанысы элементтері – қауіп аймағында. Қысқасы, 70 зымыранның салмағы санында емес, соғыс кеңістігін тереңдетуінде.

Ресей қайта әскер жинай ма

Түркияның Украинаға M26 және M509A1 кассеталық оқ-дәрілерін тапсыруға ұмтылысының өзіндік астары бар. Ресейде күтілетін жаңа мобилизация аясында бұған толығырақ көз жеткізуге болады. Мәселен, Ресейдің “Meduza”, “Важные истории” және “Верстка” басылымдары зерттеуінде Мәскеуде күзгі мобилизацияға дайындық жүріп жатқанына қатысты бірнеше дерек келтірілген.

Олардың дереккөздері Ресей әкімшілігі мен күш құрылымдарының қабырғасында жаңа мобилизацияға дайындық басталып жатқанын хабарлады. Ықтимал мерзімдердің бірі – Мемлекеттік дума сайлауынан кейінгі қазан айы. Бұл қадам 2021 жылдағыдай елді жаппай шошытпау үшін ресми түрде “мобилизация” деп аталмайтын көрінеді.

Back to top button