“Бұл Украина емес – Қазақстан”: Өзбекәлі Жәнібековтің батылдығы жайлы ел білмейтін естелік
Қостанай облысының құрметті азаматы Амангелді Садырбеков мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков жайлы естелігін айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Арқалықтың 70 жылдық мерейтойы тойланған тұста Қостанай өңірінің билігі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығын да атап өтті. Сол жиында кеңес үкіметі мен Тәуелсіз Қазақстан тарихында мемлекеттік қызмет атқарған Амангелді Садырбеков Өзбекәлі Жәнібековпен бірге еңбек атқарған кезін есіне алды. Оның сөзінше, кезінде Торғай өңіріндегі Қима ауданына қызметке баруға Садырбековті Жәнібеков көндірген.
“Қима ауданында еңбек еткен кезде ол жақта бас ұлттар билеген уақыт қой. Совхоздардың бәрін де басқа ұлттар басқаратын. Қима ауданына бір келгені есімде. Аудандық комитеттің бірінші хатшысы Владимир Косяненко деген басшы болатын. Өзбекәлі Жәнібеков кетерде отырысқа шақырып, бәріміздің басымызды қосты. Содан Өзағаң “мынау өзі Қазақ елі ме, әлде Украина ма?” деп сұрады. Тізімді қолына алды да, “Кисиленко, Тимощенко, Костяненко – директор, аудан басшыларының бәрін солар, мынау өзі Украина ма, әлде Қазақстан ба?” деп сұрады. Косяненко сасып қалды. Сол кезде Өзағаң “бұл жерде лайықты дерлік қазақ таппадыңдар ма? Неге бірде-бір совхоз директорының ішінде бірде-бір қазақ жоқ? Мәселені шешіңдер! Бұл Украина емес – Қазақстан!” деді. Косяненкоға ешкім ондайды айтпаған. Қатты сасып қалды”, – дейді Амангелді Садырбеков.
Амангелді Төлеубайұлы Садырбеков (Амангельды Тулеубаевич Садырбеков) – мемлекет қайраткері, бұрын Торғай облысы әкімінің бірінші орынбасары және Қазақстан президентінің өкілі қызметтерін атқарған.
Қима ауданы жайлы
Қима ауданы – 1970-1997 жылдары Целиноград және Торғай облысының құрамында болған әкімшілік-аумақтық бірлік. Орталығы — Жаңақима ауылы болды.
Аудан 1970 жылы 4 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығымен әкімшілік орталығы Қима ауылында құрылды.
1988 жылғы 2 маусымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығымен Торғай облысы таратылды. Аудан Целиноград облысының құрамына енді.
1990 жылғы 17 тамыздағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының «Қазақ КСР құрамында Торғай облысын қалпына келтіру туралы» Жарлығымен қайтадан Торғай облысының құрамына енді.[1]
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 22 сәуiрдегi N 3466 «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысын оңтайлы ету жөнiндегi шаралар туралы» Жарлығымен Торғай облысы таратылды. Аудан Ақмола облысының құрамына енгізілді.[2]
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 23 шiлдедегi N 3604 «Ақмола облысының Жаңадала және Қима аудандарын тарату туралы» Жарлығымен Қима ауданы таратылып, аумағы Жақсы ауданының құрамына енді.