Жаңалықтар

Үлгілі ауылға – жаңа стадион: Шу өңірінде аудандағы ең үлкен спорт алаңы ашылды

Бүгін Шу ауданына қарасты Балуан Шолақ ауылында сәні келіскен стадион мен көше жаттығуларына арналған алаң ашылды. Ауылдағы ағайынның қуанышын бөліскен аудан басшысы Бақытжан Жәнібеков және аудан мен ауыл қариялары ізгі тілегін жеткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Үш жыл қатарынан үлгілі ауыл талаптарына сай келген елді мекен облыстық жарыстан бас жүлде еншілеген болатын. Нәтижесінде 50 миллион теңге қаржыға ие болған Балуан Шолақ ауылы бұрыннан аңсаған армандарына қол жеткізіп отыр.

Фото: Tizgin.kz

Жаңа нысанның ашылуында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков ауыл тұрғындарын құттықтап, спорттық инфрақұрылымның маңыздылығына тоқталды.

Фото: Tizgin.kz

«Балуан Шолақ ауылының бұл жетістігі – ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі жаңа стадион мен спорт алаңы тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік береді. Осындай игіліктер ауылдың дамуына серпін беріп, елді мекеннің көркеюіне қызмет ете берсін», – деді аудан әкімі.

Заманауи стадионда қос бірдей жүгіру жолағы мен стритворкаут алаңы, көрермендерге арналған трибуна бар. Бұл игілікті қуана қабылдаған балуаншолақтықтар ағайын алғыстарын білдіріп, қызыл лентаны қиды. Сондай-ақ қуанышқа орай 45 және одан жоғары жастағы әуесқой спортшылар арасында теңбіл доп турнирі ұйымдастырылды.

Back to top button