TOP-2Жаңалықтар

Ақмола облысында кәсіпкерден 30 млн теңге бопсалады деген күдікпен екі адам ұсталды

Ақмола облысында кәсіпкерден күш қолданамын деп қорқытып, 30 млн теңге талап етті деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Олардың бірі – аралас жекпе-жек жаттықтырушысы, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Кәсіпкерден 30 млн теңге талап еткен

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, 5 тамызда тәртіп сақшыларына белгісіз адамдардың кәсіпкерден 30 млн теңге бопсалап жүргені туралы ақпарат түскен. Күдіктілер ақшаны бермеген жағдайда күш қолданамыз деп қорқытқан.

Аталған дерек бойынша бопсалау бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция екі ер адамның жеке басын анықтап, оларды ұстады. Күдіктілердің бірінің аралас жекпе-жек, яғни ММА жаттықтырушысы екені белгілі болды.

Бизнесті «қорғағаны» үшін ақша сұрауы мүмкін

Алдын ала мәліметке сәйкес, ұсталғандар жәбірленушінің бизнесін «қорғап-қолдағаны» үшін ақша талап етуі мүмкін. Қазіргі уақытта олардың қылмысқа қатысы сотқа дейінгі тергеу аясында тексеріліп жатыр.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ олардың өңірдегі осыған ұқсас өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Back to top button