«Әнді сүйсең, менше сүй…»: Түркістанда Абайдың ән мұрасына арналған кеш өтті

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының ән мұрасын дәріптеуге арналған «Әнді сүйсең, менше сүй…» атты акустикалық әдеби-музыкалық кеш өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ән мен поэзия үндескен тағылымды кеш
Мәдени іс-шара «Абай әлемі: Ойдан – өнегеге» әдеби-танымдық апталығы аясында ұйымдастырылды. Кештің басты мақсаты – Абай шығармашылығының тереңдігін танытып, ақынның ән өнеріндегі мол мұрасын кеңінен насихаттау.

Кеш барысында өнерпаздар Абайдың сырлы да сазды әндерін жанды дауыста орындап, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Ән мен поэзия өзара үндескен басқосуда ұлы ойшылдың шығармашылық әлемі жан-жақты таныстырылып, оның туындыларындағы адамгершілік, махаббат, табиғат пен рухани кемелдік тақырыптары дәріптелді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мәдени кештер өскелең ұрпақтың ұлттық әдебиет пен өнерге қызығушылығын арттырып, Абай мұрасын жаңаша қырынан тануға мүмкіндік береді. Шара соңында кештің мазмұнын байытып, өнерін ортаға салған қатысушылар мен арнайы келген қонақтарға алғыс білдірілді.
Абай әндері – ұлттық музыкадағы жаңашыл құбылыс
Абай Құнанбайұлы қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалап қана қоймай, ұлттық музыка өнеріне де елеулі үлес қосты. Ақын өмір сүрген кезеңде қазақ даласында музыканы нотаға түсіру дәстүрі кең тарамағандықтан, оның әндері халық арасында ауызша сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен. Әуелде Абайдың өз ортасы мен ауыл-аймағына тараған туындылар кейін бүкіл қазақ даласының рухани қазынасына айналды. Бұл туралы академик Ахмет Жұбановтың Абайдың музыкалық мұрасына арналған зерттеуінде айтылады.

Зерттеушілер Абай әндерінің басты ерекшелігі ретінде өлең мен әуеннің ажырамас тұтастығын, тың ырғақ пен өзгеше музыкалық иірімдерді атайды. Ақын дәстүрлі қазақ ән өнерін жаңа әуезбен және терең поэтикалық мазмұнмен байытты. Оның музыкалық шығармалары ұлттық өнер тарихында айрықша орын алып, кейінгі композиторлар мен орындаушыларға үлкен ықпал етті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының материалына айналды.

«Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегіз аяқ» сынды әндер бүгінде халық жадында сақталып, қазақ музыкасының классикалық үлгілеріне айналған. Түркістанда өткен әдеби-музыкалық кеш те осы баға жетпес мұраны дәріптеп, Абай әндерінің көркемдік қуаты мен тәрбиелік мәнін кейінгі буынға жеткізуді көздеді