TOP-2Білім

Грантқа ілінбегендер үшін 2026 жылы оқуға түсудің тағы қандай мүмкіндіктері бар

2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранттарының иегерлері анықталды. Негізгі конкурс нәтижесінде 75 мыңнан астам талапкер грант иеленгенімен, өтініш бергендердің жалпы саны 127 041 адамға жетті. Алайда мемлекеттік грантқа іліге алмаған жастар үшін оқу ақысын төлемей білім алудың өзге де мүмкіндіктері бар, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әкімдік грантын қалай алуға болады

2026 жылы еліміздің әкімдіктері бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша білім алуға 2392 грант бөлді. Әкімдік гранттары, әдетте, өңірге қажетті мамандарды даярлауға бағытталады. Сондықтан мамандықтар тізімі мен конкурс талаптары әр облыста әртүрлі болуы мүмкін. Үміткерлер тұрғылықты жеріндегі әкімдік пен жоғары оқу орындарының ресми хабарландыруларын қадағалауы қажет.

Университеттердің өз гранттары бар ма

Қазақстанда жоғары оқу орындары 2026 жылы талапкерлерге екі мыңнан астам ішкі білім грантын ұсынып отыр. Мұндай гранттарды университеттер өз қаражаты немесе серіктес ұйымдардың қолдауымен бөледі. Оларды тағайындау кезінде ҰБТ нәтижесімен қатар талапкердің оқу үлгерімі, олимпиадалардағы жетістіктері және әлеуметтік жағдайы ескерілуі мүмкін.

Құжат қабылдау мерзімі мен конкурс шарттарын әр университет дербес белгілейді.

«Қазақстан халқына» қоры қанша грант бөлді

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2026–2027 оқу жылына 350 білім грантын бөлді.

Бағдарлама, ең алдымен, әлеуметтік осал санаттағы талапкерлерге жоғары білім алуға мүмкіндік беруді көздейді. Үміткерлерге қойылатын талаптар мен қажетті құжаттар тізімі қордың және серіктес жоғары оқу орындарының ресми ресурстарында жарияланады.

Компаниялардан грант алуға бола ма

Қазақстанда бірқатар ірі компания мен салалық ұйым да талапкерлер мен студенттердің оқу ақысын өтейтін бағдарламалар ұсынады.

Kazenergy қауымдастығының білім гранттары NCOC және KPO секілді жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қаражаты есебінен Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алатын студенттерге беріледі. 2026–2027 оқу жылына арналған өтініштер 31 тамызға дейін қабылданады.

Ал «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының Murager бағдарламасы талапкерлерге, колледж студенттері мен түлектеріне, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. 2026 жылғы конкурсқа қатысуға өтініш беру мерзімі 14 тамызда аяқталады.

Шетелде тегін білім алудың қандай мүмкіндігі бар

Қазақстан азаматтары білім саласындағы үкіметаралық келісімдер аясында шетелдік жоғары оқу орындарында тегін білім ала алады.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мәліметінше, қазақстандықтарға Венгрия, Қытай, Тәжікстан, Польша, Әзербайжан және Қырғызстан тарапынан білім гранттары ұсынылады.

Әр мемлекеттің құжат қабылдау мерзімі, тілдік талабы және үміткерлерді іріктеу тәртібі бөлек. Сондықтан талапкерлер конкурс талаптарын алдын ала мұқият зерделеуі қажет.

Оқу басталғаннан кейін де грантқа ауысуға бола ма

Мұндай мүмкіндік бар. Оқу жылы басталғаннан кейін кейбір студенттің оқудан шығарылуына, басқа оқу орнына ауысуына немесе өзге себептерге байланысты мемлекеттік гранттар босап қалуы мүмкін.

Босаған гранттарға ақылы бөлімде оқитын, үлгерімі жоғары студенттер үміткер бола алады. Мұндай орындар конкурс арқылы бөлінеді. Сондықтан ақылы негізде оқуға түскен студенттерге жоғары көрсеткіш сақтап, университеттің ресми хабарландыруларын тұрақты қадағалау маңызды.

Back to top button