Жаңалықтар

Алматыда жатақханадан орын ала алмаған студенттерге арналған орталық ашылды

Алматы қаласында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешуге арналған Жағдаяттық орталық жұмысын бастады. Орталық Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен ашылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жағдаяттық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) базасында, Бөгенбай батыр көшесі, 142 мекенжайында орналасқан.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жоғары оқу орындарының цифрлық платформалары арқылы жатақханадан орын брондап үлгермеген немесе қоныстану барысында қиындықтарға тап болған студенттер Жағдаяттық орталыққа тікелей жүгіне алады.

Орталық мамандары студенттердің өтініштерін қарап, бос орын болған жағдайда жатақханалардан немесе серіктес ұйымдардан уақытша тұру орындарын ұсынады.

Өтініштерді жедел қарау үшін орталықта компьютерлермен, цифрлық дерекқорларға қолжетімділікпен және көпарналы байланыс жүйесімен жабдықталған сегіз жұмыс орны ұйымдастырылған. Бұл жүйе бір мезетте 10 қоңырауды қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар орталықта студенттерге арналған күту және демалыс аймағы, оқу бұрышы, кофе-брейк аймағы және конференц-зал қарастырылған.

Back to top button