Жаңалықтар

«Болашақ ойындары – 2026»: турнир трансляцияларын 185 миллион адам көрген

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі аясындағы фиджитал-футбол жарысын тамашалап, қазақстандық командаларға қолдау көрсетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

50 елден келген 800 спортшы бақ сынауда

Еске салайық, Қазақстанда әлемнің 50 елінен 800 спортшының басын қосқан ірі халықаралық турнир өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің атынан барлық сегіз спорттық бағыт бойынша 11 команда қатысуда.

Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды халықаралық турнирге әлемнің 50 елінен 800 спортшы жиналды. Ел намысын жарыстың сегіз спорттық бағыты бойынша 11 қазақстандық команда қорғап жатыр.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Турнирді 185 миллион адам тамашалаған

Министрдің айтуынша, «Болашақ ойындары – 2026» – Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін арттыратын маңызды жоба.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында бұл турнирдің маңызы ерекше. “Болашақ ойындары” спорт пен заманауи технологияларды біріктіріп, еліміздің инновациялық даму бағытын айқын көрсетеді», – деді министр.

Министрдің мәліметінше, турнирге әлемдік қызығушылық артып келеді. Қазіргі таңда жарыс трансляцияларын 185 миллион адам тамашалаған.

Сонымен қатар жарыстар 16 тілде көрсетіліп, ақпаратты ондаған халықаралық медиасеріктес пен 100-ден астам стример таратып жатыр.

Ел беделін арттыратын жоба

Ербол Мырзабосынов мұндай көрсеткіштер Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ірі спорттық жарыстарды өткізе алатын ел екенін тағы бір мәрте дәлелдейтінін айтты.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Сөз соңында министр турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүрген спортшылар мен еріктілерге алғыс айтып, қазақстандық командаларға алдағы жарыстарда сәттілік пен жаңа жеңістер тіледі.

Back to top button