Биыл Абай күні қалай тойланады
10 тамызда Абай күні аталып өтеді. Мерекеге орай республика бойынша 350-ден астам мәдени, ғылыми-танымдық, білім беру және спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Астана мен Алматыдағы негізгі шаралар
Елордада 8–10 тамыз аралығында Қаламгерлер аллеясында поэзия кештері ұйымдастырылып, қала саябақтарында Абай әндерінен концерттер өтеді. Сонымен қатар Астанада «Сөз өнері. Жасампаз жас қалам» республикалық форумы өткізіледі.
Ал Алматыдағы Республика Ұлттық кітапханасында зияткерлік сайыс ұйымдастырылып, 10 тамыз күні Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген «Алғашқы кітап» деректі фильмінің тұсаукесері өтеді.
Айтыс, ультрамарафон және әдеби фестиваль
Семей қаласында Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында өнер көрмелері, әдеби квест пен Абай әндерінің фестивалі ұйымдастырылады.
Абай облысында 8–9 тамыз күндері «Abai Joly – 100 miles» республикалық ультрамарафоны өтсе, 10 тамызда «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы көрерменге жол тартады.
Шымкент қаласындағы «Хакім Абай» музейінде ашық есік күні өтіп, тұрғындар мен қала қонақтарына арналған танымдық бағдарламалар мен көрмелер ұсынылады.
Абай күні Бейжіңде
Мерекелік шаралар Қазақстанмен ғана шектелмейді. 10 тамызда Бейжің қаласында Қазақстанның мәдени орталығы «Цзиньтай» музейімен бірлесіп «Абай – ұлы тұлға» тақырыбында дөңгелек үстел өткізеді.
Сондай-ақ осы күні Астана, Алматы, Шымкент және еліміздің барлық облыс орталықтарында Абай Құнанбайұлының ескерткіштеріне дәстүрлі түрде гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылады. Оған зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері және қала тұрғындары қатысады.