Қазақстандық жоғары оқу орындары талапкерлерге мемлекеттік гранттардан бөлек, өз қаражаты есебінен 2000-нан астам білім беру грантын, оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендиялар ұсынып отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрліктің мәліметінше, биыл ректорлық, университеттік және ішкі білім беру гранттарының саны екі мыңнан асады. Әрбір жоғары оқу орны гранттарды беру тәртібі мен іріктеу талаптарын өз бетінше айқындайды.
Гранттар кімдерге беріледі
Үміткерлерді іріктеу кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) нәтижесі, оқу жетістіктері, «Алтын белгі» иегері болуы, республикалық және халықаралық олимпиадалардағы, ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстардағы жетістіктері, сондай-ақ талапкердің әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
Министрлік мұндай қолдау шаралары дарынды жастардың жоғары білім алуына қосымша мүмкіндік беруге және білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Қай университет қанша грант ұсынады
Ең ауқымды бағдарламалардың бірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жүзеге асырылмақ. 2026–2027 оқу жылына Түркия Республикасы 500 білім беру квотасын бөлді.
Құжаттарды қабылдау 10–15 тамыз аралығында өтеді. Конкурсқа мемлекеттік білім грантына қатысуға жарамды ҰБТ сертификаты бар және университет белгілеген шекті балды жинаған Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT бағытындағы олимпиада, ғылыми жоба және түрлі байқаулардың жеңімпаздарына 125 ішкі грант бөлді. Бұдан бөлек, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың және «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының екі түлегіне оқу ақысын толық өтейтін гранттар берілді.
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті өз конкурстық бағдарламалары аясында 94 білім грантын қарастырған.
Министрлік кеңесі
Ғылым және жоғары білім министрлігі гранттардың саны, құжат қабылдау мерзімі, конкурс талаптары мен іріктеу шарттары әр университетте әртүрлі болатынын ескертті.
Осыған байланысты талапкерлерге құжат тапсырар алдында өздері таңдаған жоғары оқу орнының ресми сайтындағы қабылдау ережелерімен алдын ала танысып, қажет болған жағдайда қабылдау комиссияларынан нақты ақпарат алу ұсынылады.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері тізімін жариялаған еді.
2026-2027 ОҚУ ЖЫЛЫНА АРНАЛҒАН БІЛІМ БЕРУ ГРАНТЫ ИЕГЕРЛЕРІНІҢ ТІЗІМІ