Украина АҚШ-қа Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлерге шабуыл жасамауға уәде берді

Қазақстан мұнайын экспорттаудағы маңызды бағыт саналатын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) айналасындағы жағдайға қатысты жаңа келісім жасалды. Украина АҚШ өкілдерімен келіссөздерден кейін Қара теңіздегі мұнай танкерлері мен КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасамауға міндеттеме алған. Бұл туралы Bloomberg хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
КҚК-ға қатысты қандай келісім жасалды
Украина тарапы Қара теңіздегі мұнай экспортына қатысы бар танкерлер мен инфрақұрылым нысандарына соққы бермеуге келіскен. КҚК арқылы Қазақстан мұнайы Новороссийск маңындағы теңіз терминалына жеткізіліп, одан әрі әлемдік нарыққа экспортталады. Сондықтан Қара теңіздегі қауіпсіздік мәселесі Қазақстанның мұнай экспорты үшін тікелей маңызды.
Bloomberg мәліметінше, бұл уағдаластық Киев пен АҚШ әкімшілігінің өкілдері арасындағы келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілген.
Қандай танкерлерге қауіпсіз өтуге мүмкіндік беріледі
Украина тарапы кеме иелеріне арналған арнайы байланыс арналары мен байланыс нүктелерін ұйымдастырған. Сол арқылы компаниялар кемелер туралы қажетті ақпаратты алдын ала ұсына алады.
Алайда Қара теңіз арқылы қауіпсіз өту мүмкіндігі барлық танкерге бірдей берілмейді.
Кеме мына талаптарға сай болуы керек:
- Украина санкцияларына ілікпеуі;
- Ресей азаматтарына немесе ресейлік компанияларға тиесілі болмауы;
- Ресей мұнайын тасымалдамауы.
Яғни қауіпсіз өту тетігі Қазақстан мұнайын тасымалдайтын, бірақ Ресеймен байланысты емес танкерлерге қатысты қолданылады.
КҚК айналасындағы жағдай неге ушықты
КҚК төңірегіндегі жағдай шілде айында күрделене түскен. Теңіз терминалы маңында бірнеше мұнай танкеріне, оның ішінде Қазақстан мұнайын тасымалдауы тиіс кемелерге дрондармен шабуыл жасалған. Шабуылдардан кейін Қазақстан мұнайының экспортына қатысты тәуекел күшейді. Кейін Энергетика министрлігі өндіріс көлемін қысқартуға тура келгенін хабарлады. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі болған оқиғаларды елдің мүдделеріне қол сұғу ретінде бағалады.
29 шілдеде КТК төңірегіндегі жағдай Қазақстан мен АҚШ өкілдерінің телефон арқылы сөйлесуінде де көтерілді. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио телефон арқылы сөйлесіп, КТК мәселесін талқылады.
Сонымен қатар тараптар кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясындағы екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін қарастырды.
Бұл Қазақстан үшін нені білдіреді
КҚк – Қазақстан мұнайын халықаралық нарыққа шығарудағы негізгі экспорттық бағыттардың бірі. Сондықтан құбырдың теңіз терминалы мен мұнай тасымалдайтын танкерлердің қауіпсіздігі Қазақстанның энергетикалық экспорты үшін аса маңызды. Украинаның шабуыл жасамау жөніндегі міндеттемесі Қара теңіздегі мұнай тасымалының қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беруі мүмкін.
Алайда қауіпсіз өту талаптарының Ресеймен байланысты танкерлерге қолданылмауы КТК арқылы жүзеге асатын тасымалдардың логистикасына қатысты қосымша шектеулердің сақталатынын көрсетеді.