Геосаясат

АҚШ пен Иран жаңа келісімге келуі мүмкін

АҚШ пен Иран жақын күндері уақытша атысты тоқтату және Ормуз бұғазын қайта ашу туралы жаңа келісімге келуі мүмкін. Бұл туралы АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессент 12News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оның айтуынша, келісімге 7–8 тамызда қол қойылуы ықтимал.

– Менің ойымша, жақын арада, мүмкін бүгін немесе ертең-ақ, 30–60 күнге атысты тоқтату туралы келісім жасалғанын көреміз. Ормуз бұғазы ашылады, ал энергия тасымалдаушыларының әлемдік бағасы төмендеуі тиіс, – деді Скотт Бессент.

30-60 күндік бітім

Алдын ала мәліметке сәйкес, тараптар 30–60 күнге атысты тоқтату туралы келісімді талқылап жатыр. Құжаттың негізгі шарттарының бірі – Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін қатынасын қайта қалпына келтіру.

Мамандардың пікірінше, бұғаздың ашылуы әлемдік энергетика нарығындағы шиеленісті бәсеңдетіп, мұнай мен басқа да энергия тасымалдаушылары бағасының төмендеуіне ықпал етуі мүмкін.

Тегеранның талабы 

Иран билігі Ормуз бұғазын ашуға АҚШ-тың санкцияларының күшін жою және әскери-теңіз блокадасын тоқтату шартымен ғана келісетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар Тегеран Оманмен келіссөздер жүргізіп жатыр. Кездесулер барысында болашақ келісімнің техникалық талаптары мен коммерциялық кемелер үшін қауіпсіз теңіз бағыттарының географиялық координаттары талқылануда.

Back to top button