TOP-2ЖаңалықтарТергеу

Нұрай Серікбай ісі: Сараптама резонанс тудырған видеоның құпиясын ашты

Судья Самиддин Теміралиев әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға жасалған ресми сараптама қорытындысын оқып берді.

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 7 тамыз күні судья Нұрайдың күдіктіге ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан бейнежазбаға жүргізілген сараптама қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Сөзі алдын ала дайындалған»

7 тамыздағы сот отырысында судья Самиддин Теміралиев әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға жасалған ресми сараптама қорытындысын оқып берді.

Қаратау аудандық полиция басқармасында түсірілген видеода Нұрай Серікбай өзін ешкім алып қашпағанын және сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтқан.

Алайда сарапшылар оның сөзінде жазбаша тілге тән күрделі синтаксистік құрылымдар, өз ойын еркін жеткізу бастамасының жоқтығы, сондай-ақ орташа жылдамдықпен бірқалыпты сөйлеу мен арнайы қойылған үзілістер байқалғанын анықтаған.

«Бұл оның сөзі алдын ала дайындалғанын және мәтіннің алдын ала ойластырылғанын көрсетеді», – деп судья сараптама қорытындысын оқып берді.

Нұрай бұл сөздерді өз еркімен айтты ма?

Судья бейнежазбадағы «Мен өз еркіммен келдім» деген сөздерге де тоқталды. Оның айтуынша, сарапшылар Нұрай бұл сөздерді өз еркімен айтты ма, әлде қысыммен айтты ма деген мәселеге талдау жасаған.

«Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, оның сөзі алдын ала дайындалған мәтін болған», – деді судья.

Еске салсақ, бұған дейін Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желілерге қарындасы жайлы тараған видеоларға түсініктеме берді. Ағасы бұл видеолар өздерінде бұрыннан болғанын мәлімдеген болатын.

Оның айтуынша, Нұрайдың полиция бөлімшесіндегі видеосында қарындасының түрі шаршаңқы екені көрініп тұр.

“Ол жерде Нұрай моральдық әрі физикалық тұрғыда өз деңгейінде емес. Барынша қысым көрсетіп, манипуляциямен видеоға түсірген. Нұрайдан басқа ол бөлмеде бірнеше ер адам болған. Бізді кіргізбеген. Сол үшін барынша басынған”, – дейді ол.

Алып қашу және резонанс тудырған видео

Бұған дейін сотта прокурор үш эпизодтан тұратын айыптау актісін оқыған болатын.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2025 жылдың жазында сотталушы Нұраймен танысып, күзде Алматыда оны алып қашып, Шымкенттегі туыстарының үйіне, кейін Түркістан облысына апарып, күштеп тұрмысқа шықтыруға әрекеттенген. Сол кезде қыздың ағалары полиция қызметкерлерімен бірге барып, Нұрайды үйіне қайтарып әкеткен.

Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, олар оқиға орнына келгенде Нұрай жылап тұрған және өзін ол жерде өз еркінен тыс ұстап отырғанын айтып, алып кетуді өтінген.

Тергеушіге қатысты мәлімдеме

Сотта Нұрайдың ағалары шақырту бойынша келген тергеушінің күдіктінің әкесімен бірге бауырсақ жеп, шай ішіп отырғанын, ал сол уақытта Нұрай көрші бөлмеде болғанын мәлімдеді.

Үш рет арыз жазылған

Осы оқиғадан кейін Нұрайдың туыстары оны алып қашу және аңду (сталкинг) фактілері бойынша полиция мен прокуратураға үш рет арыз түсірген. Олардың айтуынша, бұл фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалмаған. Бірнеше айдан кейін, 11 қаңтарда, Нұрай Серікбай қаза тапты.

«Өмір бойына бас бостандығынан айыруға лайықты»

Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай мен оның адвокаты Аянхан Омаров үндеу жасап, істі қарап жатқан сотқа сенетіндерін мәлімдеді. Сонымен қатар олар айыпталушыны өмір бойына соттау керек деп отыр.

Back to top button