TOP-2Жаңалықтар

«Ұлымды қайғы жеп бара жатқанын Ұлдананың да анасы біледі» – Әділет Зейнелдің анасы ұлының үйленуі туралы

Марқұм реабилитолог-дәрігер Ұлдана Мирзуанның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел мен анасы алғаш рет сұхбат берді. Олардың айтуларынша, Ұлдананың нағашы әжесі Әділеттің үйленуіне рұқсат берген. Бұл туралы олар Қазақстан халық партиясының You Tube арнасында болған подкастта айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Үйлену тойы келесі жылдың жазына жоспарланған

«Біз Ұлдананың өмірден өткені туралы естірту айтуға барғанда Ұлдананың нағашы әжесі «Біз туыс болып қаламыз. Әділет үйленем деп айтса – қарсы емеспіз» деп айтқан. Мен Ұлдананың анасына ұлым үйленетінін айтқан жоқпын, себебі қызын жоғалтқан адам үшін бұл ауыр болады, жанын жараламайын деп айтпадым. Мейрамхана мобилографы суретті біздің рұқсатымызсыз жариялаған. Оларға хабарласқан кезде бұл – мейрамхананы жарнамалау жұмысы екенін айтты. Ол – ұзату тойы болатын. Ал үйлену тойын келесі жылы жазда өткіземіз деп ойладық», – деді Әділеттің анасы.

«Ұлым қайғы жұтқанын Ұлдананың анасы да біледі»

Оның айтуынша, құда-құдағилары жақ Әділеттің қайғылы жағдайдан кейін 1 жыл өтпей жатып үйленгенін қаламады.

«Ал Әділеттің туыстары ол тезірек есін жиып, өзіне келгенін қалады. Ол қараша айынан бастап 3 ай жұмыс істемеді. Ол ауырып, қайғы жеп бара жатқанын Ұлдананың анасы да біледі. Біз оның адамдармен араласып, жақсы әйелмен танысқанын, ел қатарлы өмір сүргенін қаладық. Ол сәуір айынан бастап беті бері қарай бастаған кезде біз қуандық. Ал Ұлдананың туыстары мұны сатқындық деп ойлайтын шығар. Бұл жағдайда әр адам өз тарапынан қарайды. Әр адам бақытты болуға лайықты. Ешбір заңда 1 жыл күту деген заң жоқ. Мен өзіне бір нәрсе істеп қоя ма деп қорқып, түнімен күзетіп жүрдім. Бұдан асқан қайғы жоқ. Ұлымды 4 ай күзеттім. Тіпті, дәретханаға кірсе сыртта күтіп отыратынмын. Мені әрбір ана түсінеді деп ойлаймын. Кім не айтса да бәрібір. Мен өз ұлымды бақытты, қуанышты күйде көргім келеді. Біреулер үшін ол еркек шығар, ал мен үшін – бала», – деді ол.

Оқиға желісі

Еске салсақ, 2025 жылдың 30 қыркүйекте Ұлдана Мырзуан реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнелге тұрмысқа шыққан. Екеуі 8 жыл көңіл жарастырып жүрген еді.

8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, астында бірнеше тұрғын қалып қойған. Көмекке жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде фельдшер Ұлдана Мырзуан жеткен. Құтқару жұмысы барысында ғимараттан кондиционер қондырғысы құлап, Ұлдана мен тағы бір фельдшердің басына тиді. Жалпы оқиға салдарынан 5 адам жарақат алды.

Ұлдана 10 күн бойы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер оны құтқарып қалу үшін бар күшін салғанмен, 18 қараша күні 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Сол күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде ажал құшқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның құрметіне қалалық жедел медициналық көмек станциясы ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды. Оның ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, марқұмның туыстары мен жедел медициналық көмек станциясының қызметкерлері қатысты.

Back to top button