Өз үйім болмаса, мен қалай той жасаймын – актер Ерболат Тоғызақов
«Шал» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Ерболат Тоғызақов пәтері жоқтығынан шаңырақ көтермегенін, қазір бұл арманын орындауға зейнетақысы жетпейтінін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Зейнетақыма үй алуға күшім жетпейді»
Актер бұл туралы Уақыт көрсетеді Ютуб арнасына берген сұхбатында айтты. Өнер иесі бұрын кеңес өкіметі тұсында пәтер алу мүмкіндігін жіберіп алғанын жеткізді.
«Ол кезде өнер адамдарының біразы үйлі болды. Мен оған өте ризамын. Күтіп-күтіп, ақыры дегендеріне жетті. Мен де күттім. Қазір зейнетақымның ақшасына пәтер алуға күшім жетпейді. Бірақ пәтер болса деген арманым бар. Өзімнің меншікті пәтерім болмаса, мен қалай бір адамды алып келіп, «үйленіп, той жасаймын» деп айтамын? Осы күнге дейін неге отбасын құрмадым, неге пәтерім жоқ?» – деді актер.
Ары қарай Ерболат Тоғызақов өзіне өз пәтері болмай, отбасын құрмаймын деп серт бергенін жеткізді. Алайда актер 78 жасқа келсе де, басында үйі жоқ екенін айтады. Сұхбат барысында Сібірден отбасымен көшіп келгелі көп қиындық көрсе де, өткен өміріне тек риза екенін де жасырмады.
Бір бөлмелі пәтер берілген болатын
Айта кетейік, актерге 2012 жылы пәтер берілген болатын. Алматыда өткен «Құлагер» ұлттық киножүлдесін марапаттау рәсімінде актер Тоғызақовқа ерекше сыйлық табысталды. Оған «Қазақфильм» ықшамауданынан құны 65 мың доллар тұратын бір бөлмелі пәтердің кілті берілді.
Пәтер кілті 24 желтоқсан күні Алматыдағы Кино үйінде өткен марапаттау кешінде тапсырылды. Сыйлық актер үшін күтпеген жағдай болған. Қуаныштан толқып, көз жасына ерік берді.