Қазақстандық танымал блогер TikTok-тағы видеосы үшін 10 тәулікке қамалды
Аталған видео әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.
Астанада блогер Мирас Беркінбаев TikTok желісінде жариялаған видеосы үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы полиция мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Блогерге қандай айып тағылды?
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталған видео әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.
Полицияның хабарлауынша, 32 жастағы блогер қоғамдық орында былапыт сөздер айтып, кейін сол видеоны TikTok желісіне жариялаған.
Сот қандай шешім шығарды?
Тексеру нәтижесінде полицейлер видео авторының жеке басын анықтап, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырған.
Сот Мирас Беркінбаевты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.
Еске салсақ, Қазақстанда әлеуметтік желідегі балағат сөздер үшін айыппұл енгізілуі мүмкін екенін жаздық. Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында Қазақстанда әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда балағат және былапыт сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді көздейтін түзетулер әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Қазақстанда 9 TikTok стримері заңсыз контент үшін жауапқа тартылды. Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушылар лайк, қаралым мен донат үшін заң талаптарын өрескел бұзған. Олар TikTok-тағы тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырып, адамдарды қорлаған.
Ал Абай облысында TikTok-та тікелей эфирде балағат сөз айтып, ерсі мінез-құлық көрсеткен 26 жастағы қыз қамауға алынды. Тәртіп сақшылары оның жеке басын тез анықтады. Түркістан облысының тумасы екен. 26 жастағы Азиза Қоқанова Семейде уақытша тұрып жатқан.
Сонымен қатар, Түркістан облысында TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир барысында былапыт сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық көрсеткен әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында TikTok-тағы тікелей эфир кезінде әйел адамның қоғамдық тәртіпті бұзып, былапыт сөздер қолданғаны бейнежазба арқылы анықталған.
Сондай-ақ, Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бауыржан Ахметқалиев неліктен әлеуемттік желіде бейәдеп сөздер айтуға болмайтынын түсіндірді.