Orda.kz-тің бұрынғы бас редакторының ісі бойынша куәгер жауап берді
Алматыда Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бәжкеноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысында куәгерлердің айғақтары тыңдалды.
Куәгерлердің бірі – Сандуғаш Дүйсенова елден тыс жерде болғандықтан, сотқа жазбаша айғақтарын жолдаған. Прокурор бұл айғақтарды сот отырысында оқып берді.
Жазбаша түсініктемеге сәйкес, Дүйсенова сайттың меншікті тілшісі болып жұмыс істеген және Гүлнар Бәжкенованың тапсырмаларын орындаған. Оның міндетіне ақпарат жинау мен оқиға орындарына шығу кірген. Сонымен қатар куәгер алынған ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін ресми сауалдардың жобаларын әзірлеп, оларды редакцияға жолдап отырғанын айтты. Бұл сауалдарды тиісті мекемелерге жіберу және материалды жариялау туралы түпкілікті шешім қабылдау тек бас редактор Гүлнар Бәженованың құзырында болған. Сондай-ақ куәгер тілші болып жұмыс істеп, журналистік қызмет атқарғанына қарамастан, Orda.kz сайтына материал жариялау мүмкіндігіне ие болмағанын мәлімдеді.
Сотта ол көрінеу жалған ақпарат тарату ісі аясында қаралып жатқан бірнеше эпизод бойынша жауап берді. Соның бірі бұрынғы балық инспекторы «С»-ке қатысты жарияланған материалға байланысты болды. Куәгердің айтуынша, материалды әзірлеу кезінде ол фотоға түсірілім жүргізіп, кейін жиналған ақпарат пен мақала жобасын бас редакторға тапсырған.
Тағы бір эпизод «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на қатысты. Куәгердің айтуынша, бұл материалды дайындау тапсырмасын оған Гүлнар Бәжкенова берген және бастапқы деректерді де өзі ұсынған. Оның сөзінше, бұрынғы бас редактор түсірілімнің қандай ракурста жүргізілуі керектігін және теміржол бойындағы болжамды заңбұзушылықтарды тіркеу қажеттігін тапсырған. Алайда куәгер мұндай заңбұзушылықтарды анықтай алмағандықтан, материалды жариялауға күмәнданғанын айтып, бұл туралы Бәжкеноваға хабарлаған. Соған қарамастан, кейінірек материал едәуір өзгертіліп, жарияланған. Сондай-ақ куәгер «ECSAD» ЖШС-не қатысты эпизод бойынша да жауап берді. Оның айтуынша, бастапқы материалдар анықталмаған дереккөзден алынған. Жазбаны дайындағаннан кейін ол оны Бәжкеноваға тапсырған, кейін материал жарияланған. Жарияланғаннан кейін компания ресми түрде теріске шығарған.
Еске салайық, айыпталушы Гүлнар Бәженова аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және ысырап ету, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу, сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша айыпталып отыр.
Бұған дейін сот жәбірленуші ретінде «OrdaMedia.kz» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі директоры Мақсат Ғаниевтен жауап алған болатын. Оның айтуынша, компанияның қаржылық қызметі мүлде ашық болмаған. Ғаниевтің сөзінше, 2025 жылдың желтоқсанына дейін Бәженова компанияның қаржы ағындарын жеке өзі бақылап, оны басқаруға жол бермеген.
Бәжкенова тағылған айыптармен келіспейді
Гүлнар Бәжкенова өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Бұған дейін сот өкілдері кедергі келтірмегендіктен журналистерге пікір білдірген ол өз ісінде шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтердің көп болуы мүмкін екенін айтқан.
«Маған Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша тағылған сегіз эпизодтың бесеуі бойынша менің дұрыс екенімді дәлелдейтін бейнежазбалар бар. Тек үш эпизод бойынша ғана бейне жоқ. Пәтерлерге қатысты да сұрақтар бар. Олар 2018 жылдан бері сатып алынып, сатылған. Барлығы бес пәтер туралы сөз болып отыр. Екеуінде өзім тұрдым: бірінде бес жыл, екіншісінде 13 жыл өмір сүрдім. Қалғандары менің балансымда болды. Кейін оларды саттым. Барлық салықты толық төледім», – деді Гүлнар Бәженова.
Оның айтуынша, бөтеннің мүлкін ысырап етті деген айып та түсініксіз.
«Ысырап етуге қатысты айтсам, жарнамадан түскен қаражатты жақсы танысым арқылы қолма-қол ақшаға айналдырдым. Бірақ оны жеке қажетіме жұмсаған жоқпын. Журналистердің жалақысы мен қаламақысын төледім. Барлығы ресми түрде жүргізілді. Көп жағдайда өз ақшамды да қостым. Бірақ мені ешкім тыңдамайды», – деді ол.
Бәжкенованың айтуынша, жеті айлық үйқамақ мерзімінде тергеушілер одан небәрі екі рет қана жауап алған. «Іс материалдарына қол жеткізе алмаймын. Өзіме қатысты барлық жаңалықты Сот комитетінен ақпарат алатын әпкем арқылы біліп отырмын. Оның үстіне менің қатысуымсыз қатарынан азаматтық істер де қаралып жатыр. Ол талап-арыздардың жалпы сомасы 100 миллион теңгені құрайды» дейді ол.